2017 жылдың мамыр айының 22-күні, араға 38 жыл уақыт салып, Қаламқас мұнай өндіру басқармасы 150 000 000 (бір жүз елу миллионыншы) тонна мұнайын өндіргені туралы рапорт берді. Орташа тәуліктік өнім мөлшері 11 мың тоннадан, ал орташа жылдық өнім мөлшері 4 млн. тоннадан асып, кенорын тарихына алтын әріппен жазылатын кезекті жетістікке қол жетті! Тарихи меже! Барша әріптестерімізді айтулы тарихи жетістікпен құттықтаймыз! Алар асу биік болсын!
Бозашының төсінде адал еңбекті серік етіп, білектің күші мен біліктің қуатының арқасында қара жердің қойнауынан ел қазынасын айырып жүрген еңбекқор мұнайшылар кенорны өзінің тарихы жылнамасының жаңа парағын ашты.
Қуанышты хабар Қаламқас кенорнының өткенін таразылауға, бүгінін саралауға себеп. Кенорны қырық жылдық мерейлі межесіне жақындап келеді...
Бүгінгі Қаламқас кенорнының жылнамасы сонау 1976 жылғы қытымыр қаңтар айының 30 жұлдызынан бастап жазылады. Дәл сол күні «Мангышлакнефтегазразведка» тресiнiң барлаушылары бүгінде Қазақстандағы iрi мұнай-газ кенорнының бiрi болып табылатын Қаламқас кенорнының №К-1 ұңғысынан (бұрғылау шебері Алексей Иванович Волочаев) алғашқы газ бұрқағының атқандығы туралы баяндама жасайды. Көп ұзамай, сол жылдың 24 шілдесі күні Қаламқас кенорнының №3 ұңғысы (бұрғылау шебері М. И. Кривцов) алғашқы барлау мұнай бұрқағын береді. Барлаушылар түбек халқының болашағын жаңа өндірістік нысанмен байланыстырып, зор қуанышқа кенелтедi. Осы бір елеулі оқиғалар тізбегінен кейін мемлекет басшылығы Бозашы аймағына аса зер салып, СОКП мен Министрлер Кеңесінің шешімдерімен «Расширить геологоразведочные работы на нефть и газ в западном Казахстане, ускорить освоение нефтяных месторождений на полуострове Бузачи» деп Қаламқасты жедел игеру міндеті қойылды. Нәтижесінде сол кездегі Советтер Одағының Геология министрлігі, Мұнай өнеркәсібі министрлігі, Мұнайгазқұрылыс министрлігі, Энергетика министрлігі, т.б. кәсіпорындары абыройлы іске жұмылдырылып, мұнай құбырларының, электр тасымалдау желілерінің, автожолдың, т.б. қажет объектілердің құрылыстары қарқынды жүргізіліп, өндіріс ошағын дамытумен қатар, өлкеде ауылды өркендетуге, халықтың мәдениетiн, тұрмысын жеңiлдетуге теңдессiз ықпал еттi.
Ал, Қаламқастың ресми өндірістік жылнамасы 1979 жылдың 23 тамызынан бастау алады. Осы күні Қаламқас кенорнының №66 ұңғысынан алғашқы өндiрiстiк мұнай бұрқағы атты. Вахта басында мұнай өндiру шеберi Көшербай Әлiбаев, операторлар Орынбасар Шадияров, Сәндiбек Тiлеуов, Әдiлғазы Мұстапин болған едi. Қаламқастықтар сол 1979 жылдың аяғына дейiн 73 мың тонна “қара алтын” өндiріп, 1980 жылғы 2 қараша күнгi сағат 12-де Көшербай Әлiбаевтың бригадасы құрметтi вахтаға тұрып, кенорнының 1 000 000 (бір миллионыншы) тонна “қара алтынын” өндiрдi. Құрметтi вахта құрамында бұл жолы да операторлар Орынбасар Шадияров, Сәндiбек Тiлеуов, Әдiлғазы Мұстапин және Мария Өтегенова болды.
Бұл кездейсоқ цифрлар емес, ол Бозашының қытымыр қысында, аптап жазында бір сәт тағат таппай жан беріп, жан алысқан құрыш қол мұнайшының ащы тері мен ғылым-білім жолындағы тынымсыз ізденістерінің нәтижесі. Қаламқас «арудың» жылнамасын ғылыми қөзқараспен саралар болсақ, сонау 1976 жылдан бастап күні бүгінге дейін кенорын аумағында өндіріс пен инновация қос бұрымдай тығыз өріліп келе жатыр. Мысалы, 1979 жылы пайдалануға қосылған бойда қабаттың мұнай қайтарымын арттыру мақсатымен Қаламқас кенорнында беттік белсенді заттар қоспаларын айдайтын тәжірибелік учаске ашылып, кейін мұнай өндірісінің технологиялық процестерін химияландыру жөніндегі аймақтық «Мангышлакнефтепромхим» басқармасы құрылды. 1980 жылы Қаламқас кенорнында мұнайды полиметрлік әдіспен өндіру тәжірибесі басталды. Қазіргі таңда өңірімізде кең таралған жер қабатына қыздырып әсер ету әдісі де осы Бозашы түбегінен бастау алған-ды.
Бүгінгі күннің жетістіктері - мұнай өндiрудi арттыруға елеулi пәрмен берген қабаттағы мұнай көздерiн үлкен қысыммен жару әдiсi; жөндеуаралық мерзімін ұзартып, күтіп ұстауға кететін шығынды едәуір қысқартқан бұрандалы сорап қондырғылары; 95 пайызға дейін мұнайды тазартып ала алатын алдын ала су айыру қондырғысы; теңіз флорасы мен фаунасын экологиялық қауіптерден сақтап әрі кенорынды теңiз жақтан жиi соғатын алып толқындардан қорғау мақсатында жағалауға тұрғызылған ұзындығы 32 километрлiк, енi 8, ал биiктiгi 5 метрлiк дамбы-бөгет; ілеспе газды отын ретінде пайдаланып, кенорынға қажетті электрэнергиясын өндіретін 45 мегаваттық екі газ турбиналық электр стансасы; Қияқты тұщы су кенорны сияқты тағы басқа көптеген озық үлгідегі қондырғылар мен ғылыми жаңалықтар ел игілігіне қызмет етіп, өндірістің тасы өрге домалап келе жатыр.
Кенорын қуаты мен әлі өндірілуге тиесілі мұнай көлемін, жасалып жатқан ғылыми-техникалық ізденістерді ескерсек, кенорын жылнамасы әлі неше ұрпаққа жалғасып, оған жазылар елеулі оқиғалар алда деген сенім ұялайды. Осы орайда еңбегімен елдің батасын алған, Бозашы түбегінің түлеуіне ерен еңбегін сіңірген Санақ Таянов, Әділ Нұрманов, Көшербай Әлібаев, Мария Өтегенова, Орынбасар Шадияров, Әділғазы Мұстапин, Бекболат Ізтұрғанов, Нәсiпқали Марабаев, Ляззат Қиынов, Өрен Сағындықов, Қосай Жұбаниязов, Талғат Айдинов, Нұрпейіс Сәрсенбай, Есенқос Бисалиев, Амантай Сүйеуов, Мырзахан Әлжанов, Сәрсенбай Таспаев, Бердіғали Айжарықов, Қожагелді Оразбайұлы, Қайрат Өтебаев, Хасан Сармұрзин, Нұрлыбек Мұнаев, Беркін Жортабаев, Сисенғали Нысамбаев, Иван Досекенов, Талғат Даутов, Сунғатулла Бисенбаев, Ибрагим Ағиев, Жақып Жұмажанов сынды аты аталып-аталмаған мұнай майданының мыңдаған қаһармандарының адал еңбегіне тағзым етіп, ер есімі қашан да ел есінде дегіміз келеді.
Жеңісті, жемісті күндеріңіз көп болғай, қаһарман-қаламқастықтар! 40 жылдық тарихи сәтті қажырлы қайратпен, еселі еңбекпен, бірлік-ынтымақпен, мол мұнаймен жақындатайық!
|