Көк жәшіктен күнде көретін Астананың көркіне көз тояр емес. Мәртебелі меймандарды қарсы алып, күллі құрлықтың көзі түскен Елордамыз бүгінде сылқым қыздай сыланып, түрленіп барады. Мұхит асып жеткен мейман да осында, Маңғыстаудан жеткен мұнайшылар да осында. Астанаға ағылған ағайынның "әп" дегеннен айтар сөзі бұл. Асқақ Астананың сұлулығына биіктен сұқтануға мүмкіндік алған мұнайшылар үшін бөріктерін аспанға атқан күн болды. Қуанбағанда қайтеді?!
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы ЭКСПО көрмесіне 1500 мұнайшы мен 2000 балаға тарихи сәттің куәсі болу бақытын сыйлады. Ауқымды шараны өткізуге мүмкіндік алған Астананың абыройы тасып, мәртебесі асса – мұнайшылардың маңдай тері, ерен ерлігі жатыр деп біліңіз. Өйткені, ел қазынасына қара алтын құйған мұнайшылар осылайша елдік іске атсалысып келді.
Көрмеде өнертапқыштар озық жобаларын жұрт назарына ұсынып, жаҺандық жетістіктерін паш етті. Осы ретте көрмеге барып, өзге елдің тәжірибесін көріп қайтқан әріптестерімізді әңгімеге тартқан едік.
Абай Сарыбаев, «Жетібаймұнайгаз» ӨБ ластанған топырақты жинау және тазалау учаскесінің шебері:
– Астана қаласына сапарымыз өте сәтті, қызықты әрі әсерлі болды. Кен орнында күнделікті қайталанатын жұмысымыздан бір сәт сергіп, көрмені көріп келдік. Басшылығымыз жол шығыны, қонақүй, қала ішіне саяхаттау, көрмені тамашалау сынды қажеттіліктерімізбен қамтамасыз етті. Қалашықтағы ерекше назарыңды аударатын шар тәріздес «Нұр әлем» ғимаратынан бастап, көптеген елдердің павильондарын аралап, көріп, көкейге ой түйіп шықтық. Мені экономикасы мұнайға тәуелді мемлекеттердің озық үлгідегі технологиялары мен құрал-жабдықтары қатты қызықтырды. Жетібай мен Қаламқастағы кенорындарында соңғы жылдары заманауи технологиялар қолданысқа қарқынды енгізіліп жатқандықтан бұл туралы мамандардан ақпараттар алдым. Барша маңғыстаулықтар ЭКСПО көрмесін тамашалауға кеңес беремін.
Оңайхан Нұрғалиева, адам ресурстарын басқару және әлеуметтік саясат департаментінің маманы:
– ЭКСПО қалашығына баратын әріптестеріме ең алдымен Австрия павильонына баруға кеңес беремін. Аурасы сондай жақсы. Энергияны өндіретін - адамдар. Тек келушілердің күшімен энергия өндіріледі. Алып қуат машинасы түрлі ойындар арқылы қозғалады. Әр қадам басқан сайын жаңа дүниемен танысасыз. Қызықты мәліметтер өз алдына. Мәселен, велосипедке отырып бәрі бірдей қозғалыста айдаса, ұлы композитор Штраус, Моцарттардың симфониясын тыңдай аласыз. Бір жағынан қарағанда "бірлік болмай, тірлік болмас" деген қазақтың мақалын еске түсіреді.
Баян Ешман, бизнес жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің 1-дәрежелі экономисі:
– Келген жұртқа сансыз сыйлық таратқан бірден-бір павильон Тайланд павильоны болды. Әсіресе, сапарда жүрген адамға ең керегі қалта қуаттағышы бар. "Орамал тон болмайды, жол болады" деген ниетпен иыққа асатын сөмкелерімен қатар таза жібек орамалдарын таратқан Тайланд қыздарының жылы жүздері ерекше есте қалды. Ең ең деген интерактивті визуалды технологияларының көмегімен тай боксынан көріністер, Тайланд дәстүрі мен көрікті жерлерін көрсетті.
Нұртас Қиынов, геология және кен орындарын игеру департаментінің жетекші геологы:
– «Кез келген нәрседен энергия алуға болады» дейді швейцарлықтар. Олар картоптың қалдығын ыдысқа салып, зауытқа жібереді. Арнайы қондырғыда картоптан биогаз өндіріледі. Сондықтан биогазбен жүретін автобустар бұл елде аса танымал. 100 келі картоп қабығынан өндіріліп алынған қуат 150 шақырым жол жүруге жетеді екен. "Жоқтан бар жасау" деп қазақ осындайда айтқан-ау деп ойлаймын. Бұдан өзге, Қытай, Ресей, Жапония, Корея, Германия сынды мемлекеттердің даму жолын бейнелейтін бейнеүзіктер тамашалап, инновациялық технологияларды қалай игергенін көріп, білдік. Астанада болған 3 күннің ішінде таным көкжиегімді кеңейтіп, мағлұматтар алдым.
Дойдық Мұналбаева, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ мұнай айыру және өткізу цехының тауар операторы:
– Малайзия павильонына кіргенімізде қызықты ойын ойнатылып жатыр екен. Кәдімгі бірдей шарларды таңдап, өшіретін ойын. Яғни, шарларды табиғи отын деп атап, соны жинау арқылы ұпай жинайсың. Одан әрі малайдың пысық қыздары моншақ тоқып, жігіттері себет жасауда. Шебердің бірі өз қолымен тоқыған моншағын мойныма тағып, күннен қорғайтын бас киімін кигізіп көрсетті. Маған мәдени бағдарламалары ұнады.
Бердіхан Шайхиев, сатып алу және материалдық-техникалық қамту департаментінің жүк тасушысы:
– Басқа басқа, өз еліміздің павильонына ешқайсысы жетпейді екен. Кірген бойда қазақтың салт-дәстүрлерін интерактивті тақтадан түсіндіріп береді. Мәселен, "Қалау" деген жазуды бассаң, әсем әуен ойнап шыға келеді. Қалаудың не екенін картинадағы фото арқылы бейнелеп, дауыспен түсіндіреді. Басқа дәстүрлермен шатыстырмау үшін, қолыңды қойған жазуды ғана көрсетіп айнала жарықтары жанады. Сол сияқты, қыз қуу, бел көтерер, ат мінгізіп, шапан жабу, сарқыт тағы басқа толып жатқан дәстүрімізді танытудың ең тиімді жолы деп ойлаймын.
Роза Шайманова, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ электрондық-есептеуіш машиналарының операторы:
– «Нұр әлем» павильоны көңілімді ерекше әсерге бөледі. Алғашқы қабатынан бастап-ақ ұлттық салт-дәстүрімізден, тарихымыздан, түп-тамырымыздан хабар беретін шар тәріздес павильонның іші еліміздің ғылымдағы жетістіктеріне тұнып тұр. ЭКСПО павильондарының түгелге жуығы дерлік еденінен бастап жоғары биіктікке дейін электронды, инновациялы озық технологиялармен жабдықталған. Осы орайда, әлемдік деңгейде ұйымдастырылып отырған көрмеге қатысуға мүмкіндік жасаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығына, өндіріс басшыларына қатысушы қызметкерлердің атынан алғысымызды айтамыз.
Бижан Жолдыхан, көлік департаментінің жүргізушісі:
– Сумен жүретін көліктерді ұсынған француздың павильонын көрген адам болашақ осы екен ғой деп ойлайды. Өйткені, көрмеге арнайы әкелінген самокат, велосипед пен скутерді болашақтың көлігі деп қарауға болады. Өйткені, электр энергиясын тұтынады әрі аккумуляторы сымсыз қуат алады. Тағы бір артықшылығы суды тұтынатын көліктердің қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Франция павильоны жетекшісінің айтуынша, бұл көліктер француз көшелерінде жүйткіп жүреді екен.
Сиындық Жейтмеков, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ пайдаланыстағы жабдықтарды жөндеу-прокаттау цехының слесарь-жөндеушісі:
– Ұйымдастырушылар өте жақсы қарсы алды. Қатты риза болдым. Көрмені, ару Астананы қызықтап жүріп, үш күннің қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Кіл алпауыттар көз тіккен көрмеге қатысуыма жағдай жасаған компания басқармасына, басшыларға айтар алғысым шексіз. Еліміз, Елбасымыз аман болсын.
Любовь Ким, әкімшілік мәселелер департаменті кеңсе іс жүргізушісі:
–Бұл көрмеден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық деген осы. 1 күннің ішінде барлық павильонды аралап шығу мүмкін емес. Маған Сингапур, Беларусь, Малайзия, Корея павильондары ерекше ұнады. Мысалы, Корея елінің павильонына бас сұққанымызда қолымызға арнайы планшет берді. Павильон ішіне арнайы бағаналар орнатылған екен. Планшетті бағаналарға зарядтау арқылы Корея елінің инновациялық жобаларын көруге болады. Астанаға алғаш рет келгесін бе, өзімді құдды шет елде жүргендей сезіндім. Көкпен иін тіресіп, бой көтерген әсем ғимараттар, еркелей аққан Есіл өзені, мұнаралы мұражайлар, жасыл желекке оранған саябақтар бәрі-бәрі әдемі. Сұлу Астанамыздың күн санап көркейіп, жыл санап жарқырай түскендігі осы болар. Мұндай әлемдік деңгейдегі көрменің біздің елімізде, соның ішінде бас қаламыз Астанада өтіп жатқаны барлығымыз үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе деп білемін.
Айтбек Абдуллаев, "Жетібаймұнайгаз" ӨБ мұнай және газ өндіру цехының операторы:
– Жұмыс барысында әріптестік қатынас орнатқан Қытай павильонына соғуды жөн көрдім. Қытайлықтар лас судан энергия алу тәсілін таныстырды. Мәселен, павильон ішінде орнатылған құрылғылардың түймесін басу арқылы лас суды жинап, арнайы аппараттың көмегімен балшықтан суды бөліп алады. Жиналған суды көлге ағызып, балшықты көмірдің орнына өндірісте қолданады.
Жақып Жұмажанов, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ қабаттар қысымын ұстау цехының машинисі:
– ЭКСПО қалашығына барғанымызда өзге ұлт өкілдері билеп, ән салып жатыр екен. Ресейліктер аталған көрмеге арнайы Атлант мұхитының мұзын қатырып әкелген. Жоба таныстырушылары мұздан энергия алу жолдарын түсіндірді. Павильонды аралап жүріп, Кореяның озық үлгідегі роботтарын көріп, естелік суретке түстік. Арабтар шөлді жерді игеріп қала тұрғызғандары, туризмді дамыту тәсілдерінің құпияларымен бөлісті. Біздің елімізде "Болашақ энергиясын" жасауға жастарымыздың білімі де, білігі де жетеді. Өйткені, елімізде жастардың озық технологияны игеруіне бар мүмкіндік жасалған. Бір таңданғаным, дамыған елдерде кремнийді күн сәулесінен қуат алатын жабдықтар үшін қолданады екен. Түрлі металдардың беріктілігін арттыру үшін қоспа ретінде қолданылатын кремнийдің шикізат көзі Маңғыстаудағы Үшкемпір деген жерде өте көп. Совет одағы кезінде алып мемлекет үшін кремний зауыттарына шикізат Қазақстаннан алынатын. Көрменің екінші күні Ұлттық мұражайда өтіп жатқан шоу-бағдарламалар аясында Чехиядан келген телеарна журналистеріне сұхбат бердім. Осы орайда барлық мұнайшылар атынан көрмеге қатысуға қолдау көрсеткен Басқарма басшыларына "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ басшыларына, Кәсіподақ төрағасына алғыс айтқым келеді. Бұның бәрі басшылардың қарапайым мұнайшыға деген құрметі деп білем.
Бөкенбай Ещанов, "Жетібаймұнайгаз" ӨБ №2 цехтың инженері:
– Маған қатты ұнағаны Монако павильоны. Монаколықтар қоқысты қайта өңдеп, одан энергия алу жолдарын ойлап тапқан. Павильон ішінде энергия көздерін виртуальды бейнекөрсетілімдер арқылы тамашалай аласың. Ең бір таңдай қақтырғаны – күн қуатымен жүретін ұшақ пен велосипед құрастырған. Шағын мемлекеттің жетістіктері мені қатты қызықтырды. Бұдан өзге, Чехия, Германия мемлекеттерінің павильондарын көрдім. 3 күннің ішінде көп дүниеден хабардар болдым.
Қуаныш Мұханов, техника кауіпсіздігі еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің инженері:
– Есімде ерекше қалғаны – Біріккен Араб Әмірлігінің күннен энергия алатын саябағы мен ағылшынның таңдай қақтырар жобасы. Павильон ішінде орнатылған үлкен панорамалық экраннан табиғаттың сұлу көрінісін тамашалауға болады. Жоба авторлары үлкен экранды 8 мың компьютердің көмегімен 1 ай ішінде жасап шыққан. Панорама ішінде қазақтың киіз үйі пішіндес шыны құрылым бар.
Үкі Тәжіманова, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ мұнай айыру және өткізу цехының тауар операторы:
– Өзіміздің көршілес өзбектердің павильонына кіргенімде дәмі тіл үйіретін тәттілерін алдыма тосты. Сан түрлі оюмен өрнектелген кілемдері мен қолөнер бұйымдарымен қатар жаңа технологиямен өсірілген көкөністері көздің жауын алады. Өзбек елін өзгеге таныстыратын бірден-бір жобасы күн сәулесімен жүретін көліктер екен.
Майрам Тажиева, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ кітапханашысы:
– Өзім үйде гүл өсіретіндіктен, өсімдіктен қуат өндіретін Барселоналықтардың жобасы ұнады. Ең қызығы, өсімдіктен өндірілген энергиямен ұялы телефонды қуаттауға болады дейді. "Табиғатта тылсым көп" деген осы шығар. Сапарымыздың екінші күні Н.Ә.Назарбаев атындағы мұражайға, Әзірет-Сұлтан мешітіне бардық. Есілдің жағасына барып естелік суретке түстік. Бәрі керемет. Көрмені көруге асығыңыздар.
Бүкіләлемдік деңгейдегі шара жазғы демалыс кезінде балалардың көңілдерін шаттыққа бөлеп, ұмытылмастай әсер қалдырды. Көрмені көріп көңілге түйген қызықтарын Жетібай кентінде тұратын 4-сынып оқушысы Ақжан Көңілқосқызы бізбен былайша бөлісті:
– Менің анам осы компанияда қызмет ететін болғандықтан, жазғы демалыс сайын Қазақстан аумағындағы лагерьлерге қалмай барамын. Осы жолы анамнан Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-ға баратынымды естігенде қуанышымда шек болған жоқ. Теледидардан күнде көретін Астананы, Байтеректі өз көзіммен көрдім. "Думан" ойын-сауық орталығына да бардық. ЭКСПО көрмесіндегі павильондарға кіргенде шетелге барғандай әсер алдым. Достарыма ЭКСПО жайлы барлық естеліктерді айтқым келеді.
14-жастағы Жалғасбай Аружан да аталған көрме жайлы ағынан жарылды.
– Маған ЭКСПО көрмесі өте қатты ұнады. Өзім ағылшын курстарына қатысып жүргендіктен, шетел азаматтарымен, олардың мәдениетімен жақын таныстым. Өзіме жаңа достар таптым. Бізге осындай қуаныш сыйлаған "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ басшыларына, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.
Балаң көңілдерге қуаныш сыйлаған көрмеге Қарақия ауданының кішкентай тұрғыны, 2-сынып оқушысы Жүсіпалы Қармыс та барып келді. Еліміздің бас қаласындағы көрмені қатарластарымен бірге көрген оқушы өзін таңғалдырған дүниелерді әңгімелеп берді. Әртүрлі мемлекеттердің павильондарын аралау сәтінде Германияның машина, велосипед, мотоцикл сынды көліктеріне қызыққан жас өрен болашақта инновациялық технологияларды жасайтын маман болуды армандайды.
Арқа төсіндегі Астанаға ағылған мұнайшылардың қуанышы жан жадыратады.
Жаннат Кемал |