Өнерліге - өріс кең
3 қыркүйек күні Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орай, Қаламқас жастары әдет-тегідей домбыра кешін ұйымдастырды. Осыдан екі жыл бұрын мұнайшылар қалашығында тұсауы кесілген мәдени кеш бүгінде көптің асыға күтетін шарасына айналған. Әсем ән тыңдап, төкпе жырмен сусын-даған көрерменнен көкейлеріндегі көркем ойларын сұрап білген едік:
Айбек Жұрымбаев, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ өндірістік жұмыстарды ғылыми зерттеу цехының операторы:
– "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасында қызмет жасап жатқаныма бақандай 10 жыл болды. Өзім шығармашылық ортаның адамы болғандықтан алғашында нәпақа айырған кеніштің кеші де көңілсіз көрінетін. Жұмыстан қалжырап келгенде жан-сарайың әсем ән, төкпе күй тыңдағанды қалап тұратын. Күндер өте келе, көже қарын емес, көңіл қарынның қамы деп қалашықты аралап жарнама қағазын ілетін Еділмен жолықтым. Өнер десе өлуге бар нағыз азамат жігіттер екен. Күйбең тірлік деп тәрк еткен домбырамды алып, халықтың алдына қайта шықтым. Сол кездегі қобалжудан бөлек, қуанышымды көрсеңіз ғой. Қазір кеш қарайса «Қаламқас кештерін» көруге асығатын жұрттың қарасы көп. Аға буынның жастармен жарыса домбыра, гитара одан қала берді баянның құлағында ойнайтыны қуантады.
Қайрат Қарабалаев, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ мұнай және газ дайындау цехының операторы:
– Үнемі әріптестер арасында 1-ауысым вахтасындағы жігіттердің керемет кеш өткізетіні туралы әңгімені жиі құлағым шалатын. Өзім асаба болғандықтан қазақтың той-салтанатында көп жүремін. Сондықтан іштей өнерлі ортамен табыссам деп армандайтынмын. Бүгін міне, осы кешке 2-мәрте қатысып отырмын. Аты алыстан естілетін шығармашылық жігіттердің жанынан табылғаныма қуаныштымын. Музыкамен сүймелдейтін аппараттың қызметі қазір менің жауапкершілігімде.
Афу Дүйсенбай, "Маңғыстауэнергомұнай" ЖШС кешенді мұнай дайындау және өткізу цехының электригі:
– «Қаламқас кештері» - көп жанның өнерін ортаға салуға үлкен мүмкіндік. "Әу" демейтін қазақ жоқ қой. Әйтсе де, өнер мен өндірісті қатар алып жүрген жастар көп. Бүгін өнер көрсеткендердің қатарында "SEMSER SECURITY" ЖШС-нен Серік Өрбісінов, "ОСК" мекемесінен Ескендір Науханов, "АСАҚ" ұжымынан аспазшы Асқар Тілеуов, "Маңғыстауэнергомұнай" ЖШС-нен Батырбек Қосбармақов, "КаспийПрофСнаб" ЖШС-нен Жеңісбек Меңдібай, Ақансері Меңдібай бар. Керемет кеш өтті. Шағын кәде-сыйлар тартылды. Осының барлығын ұйымдастырып, жанын салып жүгіріп жүрген Еділ Бекмұратовқа, барлық Қаламқас кенорны басшыларына алғыс айтамын. Елбасымыздың рухани жаңғыруы мұнайшылар өміріндегі рухани өзгеріске жасалған жақсы қадам деп ойлаймын. Керемет кештің әсерін айтып жеткізе алмаймын. Көру керек.
Жанат Кемал
|