Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
10.01.2018 «MEDITERRA» - ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ
 

«Мұнайлы өлке» газетінің өткен санында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және сервистік компанияларының жұмысшыларына медициналық көмек көрсететін «Хирургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - «MEDITERRA» заманауи медицина орталығының қызметі жөнінде кең көлемді материал оқырмандар назарына ұсынылған болатын. Бүгінгі мақалада «Mediterra» заманауи медицина орталығы өткен бір жыл ішінде қандай жаңа құрылғыларға ие болды, олардың маңызы, ерекшелігі туралы мәселеге тоқталсақ.

1 жыл уақыттың ішінде «Mediterra» орталығы құрал-жабдықтары медицина ғылымының соңғы жаңалықтарын пайдаланып, үнемі жаңа құрылғылармен жабдықталу үстінде.

Былтырғы жылдың тамыз айында рентгенэндоваскулярлық хирургия және диагностика департаменті ашылды, оның құрылуы клиникаға американдық General Electric компаниясының GE Optima IGS 330 ангиографының алынуымен басталды. Бұл департаментте Оңтүстік Корея, Германия, Франция, АҚШ елдерінің клиникаларында білім алып, тәжірибе жинақтаған мамандар қызмет атқарады, оларға «Mediterra» орталығы директорының орынбасары Ғалымжан Әзімбаев басшылық етеді. Негізгі бағыты жүрек тамырларын зерттеу (коронарография) болып табылады. Орталықтың рентгенотомографиясында жүректен басқа аорта, аяқ-қол, мойын, бас, іш және жамбас қуыстарының тамырлары қаралады. Бұл зерттеулерді жалпылама ангиография деп атайды, олар тамырлардың бойындағы өзгерістерді көре алады, әсіресе атеросклероз кезінде оның маңызы өте зор. Өйткені, атеросклероз жүрек (миокард) инфарктісі, инсульт сияқты өте салмақты аурулардың негізгі себепкері екені көпшілікке мәлім.

Рентгенангиохирургтар тек қана тамырлардың бойындағы өзгерістерді тауып қоймай, оларды мүмкіндігінше «жөндеп», осы тамыр бөлігімен қанның қажетті деңгейде жүруіне ықпал жасап отыр. Айта кететін жағдай, осындай аса маңызды күрделі операция кезінде көптеген уақыттарда наркоз керек болмай, науқастар ертеңіне орнынан оп-оңай тұрып жатады. Аз ғана уақытта 200-ден аса осындай арнайы ем-дом жасалынды. Оның тамырдың бойындағы өзгерістерді «қарапайым» қараудан бастап, күрделі гибридтік операцияларға дейінгі емшаралардан тұратынын атап көрсетсек, бұл игерілген істің аса жоғары деңгейге жеткенін түсінуге болады. Операциялардың қатарына әрқилы тамырлардың әртүрлі деңгейде тарылған жерлерін ішінен кеңейтіп (дилятация) және ол жерлерге стент салу, бітеліп қалған жерлерін ашу (реканализация), ал кейде керісінше, қажет кездерде, олардың қуысын бітеу, яғни эмболизация жасау, өкпе тамырларына ұйыған қан ығысып кету қаупі бар кездерде, олардың жүретін жерлеріне кава-фильтрлер қою, жүрек жұмысының әртүрлі бұзылулары кезеңдерінде ішкі қуыстарына арнаулы құрылғыларды орналастыру, өт жолдарының бойында кідіріс болып, адам сарғайып кеткен уақыттарда қуысын ашып, тарылған немесе қысылған жерлерін кеңейтіп, олардың бойына стент қою сынды жұмыстардың теріні кеспей, тесу арқылы жасалатынын айтсақ, оқырман «Mediterra» заманауи медицинасының атына заты сай клиника екендігіне көз жеткізері анық.

Биыл қаңтар айының аяғына дейін GE Signa 1.5T магниттік резонанстық томографы (МРТ) іске қосылып, жұмысын бастайды деп күтілуде. Аты атап тұрғанындай, бұл - медициналық озық техника дайындаушылардың арасында әлемдік деңгейде шоқтығы биік американдық «Дженарал Электрик» компаниясының туындысы. Аталмыш аппарат біраз дүниені жасай алады: мидың суреттерін тымсайлы қылып шығарады, іш қуысының барлық ағзаларын науқас дем алуын бір реттен тоқтатқан сәтте түсіреді, белгілі уақыт аралығындағы жүректің соғуын дәл көрсетеді. Жалпы, әлемдік статистикаға сүйенсек, клиникалық практикада GE Signa 1.5T МР томографы ғаламдық тәжірибеде ең көп қолданылады.

Сондай-ақ филиалға GE BrightSpeed компьютерлік томографы да жеткізілді. Ол да «Дженарал Электрик» компаниясының өнімі. Ерекшелігі – аппарат көп детекторлы, яғни бір детекторлы аппараттардың жасай алмайтын күрделі зерттеулерін жүргізуге мүмкіндігі бар құрал. Жалпы, компьютерлік томографтардың негізгі бөлігі – гентри, ол рентген сәулесін адамның зерттелуі тиіс ағзасына қарап бағыттап, шашатын құралдан және осы дыбысты қабылдайтын детектордан тұрады. GE BrightSpeed жарты секундта науқасты бір айналып үлгереді. Оның көмегімен кейбір жүрек-тамыр ауруларынан бастап, тік ішектің ісіктеріне дейін табуға болады.

Инвестиция жоспары бойынша 2018 жылы жоғары сапалы ультрадыбысты аппарат алынуы тиіс, оның опцияларының бірі ретінде жүрек-тамырлар жүйесін допплермен терең қарап, клиникалық маңызды ауытқуларының түрлерін таба алу мүмкіндігі қарастырылуда.

Бүкіл облысқа тән онкологиялық аурулардың азаймауы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлеріне де тән. Бұл екі аурулар тобымен күресте Mediterra орталығының белсенді қызметі оларды бастапқы сатыларында, асқынбаған мезгілдерінде тауып, арнаулы диспансерлер мен ғылыми-зерттеу институттарына уақытылы жолдап, емдеудің барлық заманауи шараларын алу мүмкіндігін пайдалану болып табылады. Онкологиялық аурулармен шалдыққан бірнеше науқастың орталығымыздың Алматыдағы бас клиникасында күрделі операциялар жасатып, қазіргі күні реабилитациядан өтіп, жұмыстарына қайтып бару мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны, әрине, көңілге қонымды жағдай.

2018 жылдың қаңтар айының 3-ші жұлдызынан бастап, «Хирургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтау қаласындағы филиалын қосымша зертханалық құрал жабдықтармен жабдықтады. «Хирургия институты» ЖШС мекеменің зертханалық жағдайын жақсарту мақсатында басқа компаниялардың қызметіне жүгінбеу үшін гормоналды және ИФА-талдама, селиментация мен ПЦР-талдама сынды қосымша құрылғыларды сатып алып, осылайша талдама диапазонының кеңейтуге қатысты шешім қабылдады.

2017 жылдың тамыз айында «Хирургия институты» ЖШС «Қаламқас» кенорнына дәрігерлік амбулаториясына 1 жедел жәрдем автокөлігін жеткізген болатын. Сондай-ақ, осы жобаны сапалы түрде жүзеге асыру мақсатында жедел жәрдем автокөлігі санын 3 данаға көбейту ұйғарылды. Осылайша, тек «Қаламқас» пен «Жетібай» кен орындарының дәрігерлік амбулаториясын ғана емес, Ақтау қаласының да емханасын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарда еді. Нәтижесінде, 2018 жылдың қаңтар айында «Хирургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтау қаласы филиалындағы Жетібай мен Қаламқас кен орындары заманауи жедел жәрдем автокөлігімен (реанимобиль) жабдықталды.

Сонымен, мақала басында атап көрсетілген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Хирургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы үш жылдық мерзімге жасалған келісім-шартында белгіленген уақыттың тек үштен бір мезгілі ғана өтті. Біраз ауқымды шаралар жасалынды, жоспарланған жұмыстардың көлемі де аз емес. Бүгінгі күні олардың барлығы да уақытында және сапалы түрде жүзеге асатыны еш күмән туғызбайды. 

Г. Сыбанқұлова,

«Хирургия иституты» ЖШС Ақтау филиалының директоры


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту