Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
01.02.2018 ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕРЛЕР

       

Еңбек адамы

 Маңдайдан төгілген ащы тердің өтеуі табан аудармай атқарған ұзақ жылдық адал еңбекпен өлшенеді. Қызметтегі таза пейіл адамға зор жауапкершілік жүктеп, ошақ қасыдағы өміріне дейін өзгеге өнеге етіп қояды.

Ендеше, есімдерін еңбекпен шығарған жетібайлық мұнайшылар өмірінің бір күндік өмірлерін көзбен көріп, дидарласып, өмір парақтарынан сыр суыртпақтап, ғибратты ғұмырынан бір үзік ой өрбітуді жөн санадық.

 

Темір жонған қыз төзімі

 Әлекей-күлекейліктен ада, кеңқолтық жұмысшы киімінің ішіне әсемдікті жасырған Ақбибі апаның станоктың құлағында ойнаған қимыл-әрекетін сыртынан бақыладым. Ерлер ғана «әмірін» жүргізе алатындай алып станокты жалғыз өзі ұршықша иіреді. Цех бастығы Берік Нахуовтың айтуынша, Ақбибі нағыз өз ісінің шебері. Титтейінен қыз болып қуыршақ ойнамаған жанның өсе келе темір-терсекке әуестігі осы мамандықтың қыр-сырын меңгеруге сеп болған. Жаны жұмсақ, жүрегі жұқа, сырбаз мінезді токарь қыз темірдей төзімділікті осы кәсібі арқылы үйрендім дейді. Таңырқамай көр! Сонымен әлқисса...

 Ақбибі Жанғазиева Жетібайдың болашағына ел құлақ түріп, бұйығы отырған аз елдің іргесіне түбекті ерсілі-қарсылы кешкен «разведканың» шаң басқан көліктері келіп тұмсық тіреп жататын жылдары дүниеге келді. Елдің құлағы неге де түрік. Қаңбақ көшкен бағзы дала енді мігірсіз қозғалыстың кіндігі. Сәби Ақбала еңбектеп, бауырын көтергенде қыр төсінде құжынаған мұнара да қатар самсады. Әлде тағдыр, әлде дәм-несібе бойжеткеннің өмірлік бағыты осы өндіріспен қатар өрілді. Өрілгенде де, мұнайға қызмет ететін саламен - токарлықпен сабақтасты.

1980 жылы №3 мектепті тәмамдағаннан кейін кәсіптік техникалық училищені токарь мамандығы бойынша аяқтайды. 1982 жылы механикалық цехқа жұмысқа орналасқан Ақбибінің көрген-баққаны осы токарлық.

– Өзімді арпа ішінде бір бидай сезінемін. Кеңес одағы тұсында абырой-атағы ел аузынан түспейтін Социалистік Еңбек Ері, даңқты механизатор Кәмшат Дөненбаеваның өмір жолын оқып қатты қызыға-тынмын. Сондай болсақ деген арман ақиқатқа айналды. Әріптесім Алексей Иванович Соколовтың "техниканың тілін білген маман жеңіске жетеді" дейтіні есімде. Жылдармен жиған тәжірибесін жастармен бөлісетін жақсы жан еді, - дейді ұстазын құрметпен еске алған Ақбибі апа.

Кеңестік кезде комбинезон мен каска киген әйелдердің алып техникада жұмыс істеуі көз үйренген қалыпты жағдай боп көрінетін. Ал қазіргі таңда мұндай станоктарда жұмыс жасайтын әйелдер бірен-саран ғана. Үзіліссіз жұмыс істеп тұрған станоктың шуылын көтеру үшін темірдей жүйке керек. Станоктың қасында тапжылмай тұрып, жұмыс істеу тағы бар. Ақбибі механикалық цехта екі станокты қатар меңгерген жалғыз әйел баласы екенін естігенде құрметіміз онан сайын арта түсті. Нәзік жаратылыс иесі екеніне қарамай, ер азаматтармен бірге қаз-қатар тізілген станоктардың тілін тапқан токарь жанның қайратына еріксіз қайран қалдық. Қайрат болғанда қандай! Төзім болғанда қандай! Темір жонған Ақбала төзімі!..

 

«Сылақшылық - жаныма жақын»

 Башқұртстанда туып, Маңғыстауда есейген Зульфия Каналиева "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасы ғимараттарды ағымды жөндеуден өткізу және қызмет көрсету цехында сылақшы.

1974 жылы отбасымен Маңғыстауға қоныс аударған Зульфия Жетібайда орта мектепті тәмамдады. Әкесі Әли Бәйімбетов бұрынғы ЖУТТ мекемесінде тракторист болса, анасы Нәзира Асаддулина "Өзенмұнайгазға" қарасты құрылыс-монтаж басқармасында сылақшы болып еңбек етті.

– Әуелден осы мамандыққа ебім бар. Анам мектепте оқитын титтей қыз екеніме қараған жоқ, жазғы каникулда қасына ертіп жүріп, сылақшылықтың қыр-сырын үйретті. 1986 жылы 6 маусымда жұмысқа тұрдым. Еңбекке ерте араласқандықтан болар, жұмыс барысында бәлендей қинала қоймадым. Совет Одағының тұсы. Бригадамызда санаулы адамбыз. Әйтсе де ұжымның ауызбіршілігі мықты еді. Шағын УАЗ көлігіне жапатармағай мінгесіп, топтық цех алаңдарын аралауға шығамыз. Жастықтың қызуы – бойда. Жаздың төбеңді қайнататын ыстығы мен қыстың шекеңді шағатын қара суығын елеп жатқан біз жоқ. Арасында әндетіп қоямыз. Естен кетпес дәуренді шақ, – деп жылы жымиған еңбек адамының ажарлы жүзі «сырлы аяқтың сыры» туралы халықтың тәмсілін қайтара еске салды. Елуден енді асқан келісті келіншектің сұлулығы жайында сыр тартқан сауалымыздың жауабына тәнті болдық:

– Жолдасым өмірден ерте озды. 5 қызды аяқтандырдым. Төрт құбыламды түгендеген тәтті жиендеріммен өзім де, өмірім де сұлу!

Ісмердің байлығы – саусағында екенін кішкентайынан санасына сіңірген ол сылақшы мамандығымен қоса тігіншілікті те меңгерген жан. Зульфия апаның қолынан шыққан үй-тұрмысына қажетті заттарының өзі бір дүние.

Өмірінің 32 жылын сүйікті кәсібіне арнаған Зульфия Каналиева ортасына сыйлы жан. Бүгінде жалғыз ұлының тілеуін тілеп отырған ана немере сүйіп, көз қуанышына айналар инабатты келінді күтіп жүргенін жасырмады. Ендеше, шаңырақты шаттыққа бөлер жақсылығыңызға біз де тілекшіміз, Зульфия апа!

 

Темірғалидың бақыты

 Жетібай кенорны, №27 газ компрессорлық стансасындамыз. Біз тәулігіне 530 мың текше метр газды өткізіп, еңбектің қырманын қыздырып отырған учаскеде тұрмыз. Газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехында осындай 12 станция бар болса, бұл станса соның біреуі.

 

Алдымыздан жылы шыраймен қарсы алған машинист жігіттер тәулік бойы 2 ауысымда жұмыс жасайды екен. Стансаға басшылық ететін Темірғали Есмұратұлының төңірегіне жиналған жігіттердің жетекшілерін құрмет тұтатыны біз сияқты сырт көзге айтпаса да көрініп тұр. Бірлік бар жерде тірлік бар. Қай жерде құрмет пен кісілік жүрсе, сол жерде береке үстемдік құрмақ. Газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының бас механигін әріптестерінің құрметтеуінің өзі ұжым табысының бір кілті екені анық деп түйіндедік...

Темірғали ағаның қызметімен жақын танысу үшін сөзге тартқан бізге ол газ тасымалдау технологиясын жіті түсіндіруге кірісті:

-   Газ құбырлар арқылы келіп газ жинау қондырғысына жиналады. Кейін компрессор арқылы сүзіліп, газ сепара-торында газдың суы, конденсаты, қалдығы бөлініп тазаланады. Бұл жердегі 7 компрессорлық қондырғы газдың қысымын тұрақты ұстап тұруға жәрдемдеседі,– дейді аға механик.

№27 стансада газдың кірісін, шығысын, температурасын, қысымын екі сағат сайын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік бар. 24 машинист қызмет ететін газ цехында Темірғали аға жылдармен жиған тәжірибесін кейінгі буынға үйретуден еш жалыққан емес. Өкшесін басып, өндіріске келген өрендерге жұмыс жүйесінің қатаң тәртіп пен талапқа негізделгенін айтып, қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтауды ескертеді.

Темірғали Тәжібаевтың кәмелетке жетіп, еңбекке араласқалы көргені осы өндіріс. 1956 жылы Түркменстанда туған ол 2005 жылы Ашхабад қаласында техникум бітіріп, газ-трубиналық заводта еңбек етеді. Кейін Маңғыстауға қоныс аударғаннан кейін де осы кәсібін жалғастырғанына бүгін шүкіршілік етеді. 2007 жылы Қаламқаста слесарь, 2008 жылы газ маторлық бөлімде механик болып еңбек етіп келе жатқан өмір жолы әріптестерінің көз алдында.

2009 жылы цех болып құрылған ұжымда Темірғали ағаның абырой-беделі асқақ. Жасы кішісі ізет көрсетіп, өз қатарластары құрақ ұшып қадірлейтінін бірден байқадық. Жайсаң мінезді жақсы ағаның жылдар бойғы тәжірибесіндегі кездескен қиындықтарды қайсарлықпен ноқталағаны, жанына білікті жігіт-желеңді жинап, ұйымшыл ортаны қалып-тастырғаны көрініп-ақ тұр.

Еңбекпен есейген Темірғали аға бүгінде бақытты шаңырақтың иесі. Құдай қосқан қосағымен 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, немере сүйіп, қызық-қуанышын елінің ортасында базарлап отырған абзал азамат. Ал азаматқа еліне қызмет етуден, ұрпағын ұшпаққа шығарам деп тірлік кешуден артық мұрат бар ма?!

... Біздің кенорына кезекті сапары-мыздың мақсаты – цехтағы қарапайым еңбек адамдарымен танысу болатын. №27 газ компрессорлық стансасындағы ұйымшыл, алғыр әріптестерімізді көріп, марқайған көңілде Жетібай кенорнындағы механикалық цехқа бағыт түзедік...

 

Атадан мирас кәсіп

 Механика цехында бір сағат жүріп, шойындай шымырды, болаттай берікті ию-қию қалыпқа келтіріп, темірден түйін түйген шеберлердің сан түрлі туындыларына куә болдық. Әрқайсысы бір бір станокты тізгіндеп, өндірістік істі дөңгеленткен еңбек адамдарын механикалық цехтың құрыштай шыңдалған «қаһармандары» деуге әсте жарасатындай! 25 адам жұмылдырылған шағын цех таңғы сегізден бастап қызу жұмысқа кіріскен. Жүйкеңді жейтін зырылдаған станоктардың қасына қамалып, көк түтінге бой үйреткен жұмысшылардың еңбегін ерлік демей көр. Әрқайсысы – өз ісінің нағыз майталманы. Соның бірі – Доғдыр Бекешов.

Доғдыр өскен әулетті әріптестерінің "мұнайшылар династиясы" деп атайтыны бар. Айтса айтқандай, әкесі Бекеш Сағызбай КРЭС мекемесінде өмірінің соңына дейін еңбек етті. Қанды қырғын майданнан аман оралған Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ғасыр айналар ғұмырда мұнайлы мекеннен өз ризық-несібесін терген Бекешовтар жанұясының Доғдырдан өзгелері бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан. Ал жолдасы Ұлболсын Ығылманова мұнайшылар асханасының меңгерушісі, інісі Бекеш Серікбай мұнайшылардың тамағын дайындайтын аспазшы болып қызмет етеді. Өзі Жетібайда туып-өсіп, қалалық-кәсіптік техникалық училищесін токарь мамандығы бойынша бітіріп, 33 жыл бойы осы саланың ыстық-суығынан өтіп келеді. "Ерін-бегеннің еңбегі еш кетпейтінін" үнемі айтып отырады, өмірлік қағидасы десе де болады. Еңбегі елеусіз емес, бірнеше мәрте Компанияның «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс» хатымен марапатталды.

– Менің жұмысымда зейінге көп мән беріледі. Өйткені металды жонып жатқан кезде 1 мм кеткен қателік үлкен механизмнің тоқтауына әкелуі мүмкін. Ең алғаш осы цехқа келгенімде өте тәжірибелі мамандардың қасында жүрдім. Маған бөлшектерді қалай шығаратыны қызық болды. Олар маған металл жону шеберлігіне үйретті. Менің қондырғым 16Р-25П-1,5 токарлық станок деп аталады. Бұл – дәлдігі жетілдірілген қондырғы. Ол жоғары жылдамдықпен сипатталады әрі өңдеуге арналған. Біз мұнай өндіретін бұрғылардың құралдарын жасаймыз. Бір металл бірнеше кезеңнен өтеді. Жылыту, тесу, қырнау, тегістеу сынды сатылар кіреді. Өндірісте бірнеше металды пайдаланамыз. Мәселен болат, шойын металдар. Олар мұнай және газ өндірісінде кеңінен пайдаланылады, - дейді механикалық цехтың 3-дәрежелі токарі.

Доғдыр Бекешов пен жары Ұлболсын отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған жарастықты жанұя. Сондай-ақ, атадан мирас кәсіпті жалғастырған, адал еңбектің ұшпаққа шығаратынын дәлелдеген жандар!

 

Есепшіліктен есе жібермеген Алтынай

 "Газет – халықтың құлағы, көзі, һәм тілі"- дейді Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов. Десе дегендей-ақ, өндірісте жүрсе де өлкенің тыныс-тіршілігінен түгел хабардар Алтынай апаның "Мұнайлы өлкенің» тілшілеріміз" дегенде жүзі жылып сала берді.

"Мұнайлы өлке" газетінің тұрақты оқырманымын. Әне бір әріптесім туралы жақсы жазыпсыздар" деп ағынан жарылған жанға қалай қуанбассың. Ел аралап, еңбек адамдарын көзбен көріп, дидарласып, ел-жұрт таныған еңбегіміздің еш кетпегені бұл...

Ғимараттарды ағымды жөндеуден өткізу және қызмет көрсету цехының есепшісі Алтынай Ахметова 28 жыл еңбек өтілінде жақсы сөз, абыройлы атақ арқалаған жан. Жолдасы екеуі 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

– Білетіндер айтады ғой, «таңертең – жұмысқа, кешке – үйіңе асыққаннан артық бақыт жоқ» деп. Шындығында да ұжымдағы ынтымақ пен жанұядағы ізгі-ілтипаттан асқан байлық жоқ деп ойлаймын. Жұмыстан шаршап келгенде шаңырақтағы тәттілердің шат күлкісі барлық ауыртпалықты ұмыттырады. Келіндерімнің тік тұрып көрсететін ілтипаты мен қызметінің өзі қандай!,– деп марқаяды қарапайым еңбектің адамы Алтынай.

Алтынай Маңғытбайқызы 1972 жылы Түркменстанда дүниеге келген. 1983 жылы Жетібай кентіндегі №5 мектепті тәмамдап, 1990 жылы НГДУ мекемесіне хатшы болып қызметке алынады. Кейін құрылыс-жөндеу басқармасына 2-дәрежелі сылақшы боп ауысқан Алтынай апа сылақшылық мамандығының да жай-жапсарын әңгімелей кетті.

– Менің негізгі міндетім – қабырғаларды тақтайдай қылып түзеу болатын. Қабырғада еш нәрсе кедергі болмауы үшін бар шеберлігімізді салатынбыз, - дегенде апамыздың бұл кәсіпке деген үлкен құрметін аңғардық.

10 жасында Маңғыстауға отбасымен қоныс аударған бүлдіршін қыздың тағдыры да бағы да қасиетті мекенінде. Жар тапты, бала сүйді. Көз алдында көркейген Маңғыстаудың қаз басқан қадамына қуанатын Алтынай Маңғытбайқызы киелі түбектің ризық-несібесі азаймай, табыс-тайқазаны толастамаса екен деп тілейді. Жақсы сөз – жарым ырыс! Ізгі ниет, барға – қанағаттың адамынан береке де арылмайтыны ақиқат!

 

Құрылысшы – құрметті мамандық

 Құрылысшы адамзат жаратылғаннан бері бар кәсіп. Салынып жатқан қалалары, тұрғызып жатқан өндірістік нысандары бар елде тұрақтылық бар, болашақ бар. Сондықтан да болар Азизбек Рахметоллаұлы Ещжанов 24 жылдық еңбек жолында көз алдынан өткен, өзі куә болған осы Маңғыстауының дамуын да, тоқыраған жылдарын да құрылыстың өлшемімен бағалайды. Қайта құрудың қиындықтарын, Тәуелсіздіктің қаз басып, қалыптасуын бозбала жігіт болып қарсы алса, бүгін толысқан азаматтың жасында. Өзі айтқандай, қазіргі құрылыс саласының қарқынды дамуына қарап, көңілі тоғаяды.

Біліп-танитындар, көз көрген сыралғы жолдас-жора Азизбекті байырғы құрылысшылардың қатарына жатқызады. Ол өзінің кезінде "Каспий құрылыс басқармасында" қаланың құрылыс жұмыстарына қатысып, тәжірибелік сынақтан өтуін еңбек жолының бастауындағы сәтті қадамы деп бағалайды.

– Қайырбек Сүлейменов шебердің қармағында жұмыс жасадым. 28,29,14 шағын аудандардағы үйлердің едендерін салып, балалар ауруханасының іргетасын қаладық. Пятигорск қаласында 2 ай уақыт тәжірибемді шыңдап, монтажшы, тас қалаушы, ағаш шебері деген үш бірдей мамандықты игердім. Мен құрылыс жолын таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді еңбек адамы.

1992 жылы Ақтаудағы училищені құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған ол 1994 жылы "Жетібаймұнайгаз" ӨБ қарасты құрылыс-жөндеу учаскесіне тас қалаушы болып жұмысқа орналасқан еді. Жетібайдың бойындағы өндірістік нысандардың қай-қайсысында да оның қолының таңбасы жатыр. Бекес Құлмұрыновтың бригадасында мұнай-шылар асханасының құрылысына белсене араласып, жатақхананың бой көтеруіне атсалысты.

– Әскерден келе сала қайнаған еңбектің қызу ортасына түстім. Ол кезде 20-дан енді асқан бозбала жігітпін. Төлеген Ізтілеуов, Төрехан Серіков секілді әріптестерімнің қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Маңғыстаудың төсі ол тұста қайнаған құрылыс алаңы. Құрылысшы деген нағыз қажет мамандықтардың бірі болды. Әсіресе, тас қалаушылық сол кезде қалай қат болса, қазірде сондай. Тас қалаушы жұмысында физика, нақты көз мөлшері, нақты кеңістікті елестету, қауіпсіздік техникасын білу, күш, ептілік, төзімділік, командалық жұмыс жасауды білу қажет, – дейді А.Ещжанов өз мамандығы туралы мақтанышпен. Өзі еңбек ететін цех бригадалық құрамда жұмыс жасайтын болғандықтан, бізбен әңгімесінде ол ұжым мүшелерінің өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындығын, береке-бірлігін де айтып марқайды.

Бала кезден өз ісіне ұқыптылықпен қарап, қажыр-қайратын тәжірибемен ұштастыра білген азамат ұжымында абыройлы. 24 жылдық еңбек жолында «осы қалай» атанған жері жоқ. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін қазақи қағиданы Азизбек өскен босағадағы тәлім-тәрбиеге қарап-ақ бағамдауға болады. Әкесі Рахметолла Өтесінұлы Жетібай көлік басқармасында 40 жылға жуық көлік айдады. Анасы Төлехан Ақыбайқызы жеті баланы өсіріп жетілдірді. Бүгінде жеті ағайынды Ещжановтар әулетінің өрісі кеңейген, үбірлі-шүбірлі. Әрқайсысы әр саланың тұтқасын ұстаған. Әке жолын қуған қос ұл жүргізуші болып қызмет етеді. Апасы Ещжанова Дариға "ОйлТранспортКорпорэйшн" ЖШС-да диспетчер. Ал өзінің отбасында 5 қыз желкілдеп өсіп, шаңырағын шаттыққа толтырып отыр.

«Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген даналық бар. Ер дәулеті - еңбек деп елі үшін тер төгіп, несібесін құрылысшы деген сүйікті кәсібінен айырып, отбасының тіреуі абзал әке, ұжымына қадірлі әріптес Азизбек Рахметоллаұлына біз де сәттілік тіледік!

Ж.Кемал

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту