Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
15.03.2018 КӨРІСУ-БҰЛ КӨНЕНІҢ ЖЕЛІСІ ЕДІ...

      

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" демекші, әр жыл сайын Көрісуді ерекше атап өтетін ұжымның бұл жолы Амалды айрықша күткені қарала таңнан-ақ елең еткізіп, сауықшыл елдің көңіл-күйі бәрімізді еріксіз еліктірді. Ниеттің түндігін айқара ашып тастап, жарқылдасып, жамырасып, кішісі үлкенін іздеп департаменттерді аралап жүрген әріптестерге қарап айрықша сезім билегені рас...

Амал күні қазағым көріседі,

Көрісу, бұл көненің желісі еді.

«Жасың құтты болсын» деп жамырасып,

Ақ ниетпен адал қол беріседі.

 

Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп

Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп.

Көріседі – «Көк мұз да жылысын» деп,

Көріседі – «Оң болсын Ұлысың»,-

деген жыр ғана деген шырайлы күннің мәнін бере алғандай еді. Таңғы сағат 10.00-да компания қызметкерлері жапатармағай Басқарма басшылығымен, жасы үлкен аға әріптестермен қол берісіп, көрісіп жатқанда да осылай марқайып тұрдық.

Кең етек, бүрмелі көйлек, оюлы бешпент киіп, шашақты орамалын әдемілеп салған қыз-келіншектерден көз сүрінгендей... Әр кабинетте - Қадырша айтсақ, құдды бір қонағын Құдайындай сыйлап, атсызға ат беріп, шапан жабатын нағыз қазақи мәрттік. Ата-баба аруағына ырымдаған Жеті шелпегін қойып, дәм ұсынған ұжымдастар! Қанша заман ауысса да, жарықтың жылдамдығымен зымырап бара жатқан сан түрлі технологиялы әлемдік дүрмектің көшінде қазақы дәстүрдің атын аудармай, жүгін бұзбай, баяғы ата-бабаның салған жолынан ауытқымай келе жатқаны ұлттық рухтың, сананың салмағынан екеніне тағы бір куә болдық. Осы беттен таймай, ұлттық дәстүрді ата-бабадан бізге жеткен күйінде ертеңге жалғап жіберсек Амалдың дүниеде соңғы қазақ қалғанша салтанат құратынына кәмілміз...

Мәжіліс залында "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ бас директоры Бақыт Алтайұлы және Бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн мырзаның құттықтауымен салтанатты шара шымылдығы түрілді:

– Құрметті әріптестер! Баршаларыңызды келіп жеткен Амал мерекесімен құттықтаймын. Халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, Амал мерекесі бәріңізге жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін, амалдан амалға аман жетейік, – деді Басқарма басшылары.

Ұжымды құттықтауға келген қос өнерпаздың атағына да ел қанық. Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздіктері, ағайынды Асқар, Асанәлі Көшеровтер сазгер Талғат Атшыбаевтың "Шалқымасымен" көрерменді қоса тербелтті. Ал Шәмшінің:

Қара көзіңнен мөлдір,

Торғай даласын көрдім.

Сен тау болып ендің,

Өр тағдырыма!,-

деген әсем әнін ұжымның әппақ аруларының әрқайсысы өзіне ғана арналғандай қабылдады. Күмбірлеген домбыра мен сызылған гитара үнінен төгілген әрлі әуен Амалды асыға күткен ағайынның қуанышын еселей түсті.

...Игі дәстүр үзілмеген ұжымның ынтымағын біріктірген, жақсылықты дәріптеп, салтымызды ұлықтаған Ұлыс мейрамында бір-бірімізге құт-береке тілеген жақсы көңіл-күйде Асар кенорнына асықтық...

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту