Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
01.06.2018 ҚУАНТСАҢ, БАЛАНЫ ҚУАНТ!

       

Бұл өмірдің базары да, ажары да – біздің бүлдіршіндеріміз. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген тәмсілді ұстанған қазақ әр сәбидің өз несібесімен дүниеге келетінін айтады. Перзентін көңілдің гүлі, көздің нұрына теңеп, жүрек түкпіріндегі үлкен үміттерінің иесі санайды. Сондықтан 1 маусымда тойланатын Халықаралық балаларды қорғау күні – орны ерек, мәні бөлек мереке.

Атаулы датаға орай, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ Жас мамандар Кеңесінің жастары Жетібай, Мұнайшы ауылының аз қамтылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасылардың бүлдіршіндеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады. Байтеректен "Екі мысық" мультфилімін тамашалаған соң, "Атлантида" ойын-сауық алаңында 20 бала ертегілер әлемінің есігін айқара ашты. Екі сағат бойы ойын баласының ойын оқығандай сырттарынан қызыға қарап біз тұрдық. Сый-сияпатын алды, тәттісін жеді. "Апалар,ағалар көп рақмет" деген аста-төк алғысын жаудырды.

«Қуантсаң, баланы қуант» деген осы. Тағдыр түрлі болса да, баланың бәрі бақытты, өйткені оларды ая­лай­тын ел бар, жаны ізгі жақсылар бар. Өздері кішкентай болса да, ниеттері үлкен, армандары асқақ.

 Дәрігер болғым келеді

7 –жастағы Асар Кәусар болашақта дәрігер болғысы келеді. Өзге балалар секілді емес, тым кірпияз. Аса ұқыпты. Арманың қандай деген сұрағымызға қысылды ма, құлағыма сыбырлап ғана айтты. Болашақ дәрігердің арманы ұялы телефон...Арманыңа жет,Асар Кәусар!

 Болашақ дизайнер

4 сынып оқушысы Нұрберген Көркем: Бүгінгі күн керемет өтті. Ойын да,сыйлық да ұнады. Мектепте үздік оқушымын. Тігін тіккенді, би билегенді жақсы көремін. Болашақта дизайнер болғым келеді. Үйде қажетсіз маталардан өзіме көйлек тігемін.

 Ақботаның арманы

- Жыл сайын балалар мерекесінде анам жемістерден дәмді салат жасап беретін. Бұл жолы Ақтауға барасың, қыдырасың дегенде қатты қуандым. Бұрын-соңды мұндай жерлерге барып көрмегендіктен, барлық ойындар қатты ұнады.
 
Екінші сыныпты үздік бағамен тәмамдаған Ақбота болашақта ұстаздары секілді мектепте білім бергенді қалайды.

 Бақытты бала Бақытнұр

Машиналар жарысы, балық аулау, доп лақтыру ойындары өте қызық. Үйге барғасын достарыма әңгімелеп беремін.Мерекеде біздерге осындай қуаныш сыйлаған аға-апаларға алғыс айтамын.

Бақытнұр бүгін тым бақытты.Оны көздерінен айқын аңғаруға болады.Елді қорғайтын ұлдың ұлы арманын да білдік.Полиция!

 

Жаннат Кемал

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту