Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
08.10.2018 ҚАЙСАР ҚЫЗДАР САРҚЫТЫ
  

«Өмірімнің мәні – шүкіршілікте» деп әңгімесін бастаған Мария Бисембергенова бүгінде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы қабат қысымын ұстау цехында еңбек етеді. 1982 жылы Ақтау қаласындағы училищені тәмамдаған ол бүгінде машинист мамандығының нағыз білгірі.

– 2006 жылы өндірістік қазандық жабылып, мені қабат қысымын ұстау цехының №3 сору стансасына ауыстырды. Қызметім үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының жылдық жоспарды толық орындап, биік межеден көрінуіне де осы цехтың атқаратын рөлі зор деп есептеймін. Бүгінде қалдық су стансасында 7 насос жұмыс жасап тұр. Барлығын қосқанда 16 насостың көмегімен тәулігіне 1300 шаршы метр суды қатты қысыммен жер қабатына айдаймыз.

«Батырға оңы-солы бірдей» демекші, қос машинист түнгі кезекте де қанаттасып еңбек етеді. Бұлардың әрқайсысы өз мамандықтарын қадірлей біледі. Ұжымда дауыс көтеру деген жоқ. Барлығы ауызбіршілікпен, қас пен қабақпен өзара түсінісіп, өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады.

Мұнайшы апаның ұзақ жылғы еңбегінен тапқан марапаты да мол. Күні кеше мерейді тасытқан мұнайшылар мерекесінде Мұнай және газ министрлігінің Құрмет грамотасын алып мәртебесі өсті. «Жетібаймұнайгаз ӨБ - 55 жыл», «Маңғыстау мұнайына-50 жыл» төсбелгісі маңдай тер мен адал еңбектің жәдігеріндей боп шаңырағының төрінде жарқырап тұр. Жастық шақтарынан жылы естеліктер сұрағанымызда Мария апаның айтқаны мынау еді:

– 18 жасымда «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының қазандық цехына жұмыс сұрап бардым. Сол кездегі бастығым Ерлан Бажиков еді. Мән-жайды сұрай келе, талабымды қайтармай «әкеңнің жақсылығын көп көріп едім» дегені есімде қатты сақталып қалды. Осы бір кісілікпен, азаматтық қамқорлықпен айтылған жылы сөз өзіммен бірге өмір сүріп келеді. Қазақта «жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық болады» деген ұлағатты сөз бар ғой. Әкем Ерғали Таңатов токарь болған кісі. Анам да «ҚазТрансОйл» мекемесінің қауіпсіздік саласында талай жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты.

Ерлерге тән ауыр жұмыстың қайнаған ортасында жүрген Мария апайдың тұрмысы бақуатты. Жолдасы Садуақас Бисембергенов «ОйлСервисКомпани» серіктестігінде машинист болып еңбек етеді. Бұл күнде әже деген статусты иемденіп үлгерген Мария апай сүйкімді немересіне қарап, адамдық мен адалдықты, обал мен сауапты ажырататын азамат болсын деп тілейді. Ықылым заманнан ырымға иланған халықпыз ғой. Іні ағаға серік болсын, аға ініге қанат бітірсін, қайратқа қайрат қосып, қатарласып бірге жүрсін деген ниетпен үш ұлын Қанат, Қайрат, Серік деп атады.

– Отбасымызда отағасын қосқанда, 4 арыстай азамат бар. Солардың ас-суын дайындап, тәуліктің қай мезгілінде болмасын алыстағы нәпақа айырған кенішіме асығам. Жұмыстағы кезек күттірмейтін қалың қарбалас «мен әйелмін» деген нәзік жаратылысыңа қарап жатқан жоқ. Цехтың табалдырыған аттаған-ақ тікеңнен тік тұрып қызмет ететін 12 сағаттық тіршілігіне еніп жүре бересің. Жалқаулықты жақтырмайтын кәсіптің қиындығы мен қызығын қатар көріп жүрміз. Мұқағалидың өлеңі бар ғой, «шаршадым білем, жантая кеткім келеді» дейтін сәттердің де болатыны жасырын емес... Абырой арқалап жүргеніңді, 3 балаңның несібесін ойлап, бойыңды тез жиып үлгересің. Сосын таңмен таласа Жетібай мен Ақтау арасындағы тақтайдай жолмен тағы кетіп барасың, – дейді мұнайшы апа.

Өмірінің 35 жылын сүйікті кәсібіне арнаған жанның жан жадыратар жылы әңгімелеріне сүйсінбеу мүмкін емес. Қажыр-қайратпен өрнектелген еңбек жылдары ажарына аса бір сын тақпапты. Сұлу келіншек, аяулы ана, әдемі әже атанған Мария Бисембергенованың нағыз қазақ әйеліне тән қайсарлығы кешегі Кәмшат Дөненбаеваның жанкештілігін еске түсірді. Қайсар қыздардың ізі жоғалмапты, сарқыты сақталыпты. Ақылы мен қайраты қос бұрымдай өрілген ажарлы апамызбен аз-кем дидарласқанда осыған көңіл тоқтаттық, ой түйдік, жақсы мәжіліс құрдық.

ЖАННАТ КЕМАЛ

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту