Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
11.03.2019 АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ АЛҒАНДАР _ Кенжеғали НАЗАРАЛИЕВ

  

 Биыл Қаламқас мұнайының алынғанына 40 жыл толады. Алла бұйыртса, ақ түйенің қарны жарылған атаулы күнді алдағы күзде тойлағалы отырмыз. Кен орнының «қара алтынын» алғаш игерген даңқты мұнайшы Көшербай Әлібаевтың бригадасында болғандардың өздері де бүгінде қатарлары сиреп, қарасы азайыңқырап қалды. Сондай ардагер мұнайшылардың бірі, ол уақытта жас та болса алғашқы мұнай алынған кездегі мұнайшылардың, қарапайым халықтың, басшылардың қуанышына ортақ болып, осынау тарихи оқиғаның куәгері болған, сол бір сәт жадында мәңгілік сақталып қалған азамат – Кенжеғали Назаралиев.

Ол 1955 жылы 30 қыркүйекте Атырау облысындағы Қосшағыл елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Өмірғали кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан, соғыстан кейін Ұлттық қауіпсіздік саласында (НКВД-да) жұмыс істеген, нағашыларына тартқан қайратты адам болған көрінеді. Анасы Зиба – қарапайым үй шаруасында, бала тәрбиесімен айналысқан кісі. Кенжекең – әкесінің 56 жасында, анасының 46 жасында көрген ұлы, отбасындағы 12 баланың ең кенжесі. Сол себепті атын «Кенжеғали» деп қойған. Сол 12 баланың қазір төртеуі бар. Төртеуі де – мұнайшы. Үлкен ағасы Ахат қазір 83-те, бала-шағасымен Алматыда тұрады. Ол Өзен мұнайы ашылған кезде сонда жұмыс жасаған, өндірістік басқармаға қарасты механикалық шеберхананың бастығы болған. Ортаншы ағасы Темір кезінде институт бітіргеннен кейін жолдамамен Жетібай кен орнына келген. Кейін осында бірқатар басшылық қызметтер атқарған. Ал Ақсұлу деген апасы мұнай саласында экономист болып жасаған, қазір зейнеткер.

Кенжеғали алғаш Қаратон деген жерде мектеп табалдырығынан аттайды. 7-класты аяқтағаннан кейін, 1969 жылы Темір ағасының жұмыс бабымен үй іші Маңқыстауға қоныс аударады. 1972 жылы облыс орталығындағы №6 орта мектептің 8-класын бітірген бозбала әкесі де, шешесі де зейнеткер болғасын, соларға көмектесейін деген ниетпен 16 жасында Оңтүстік магистралды мұнай құбырлары басқармасына слесарь болып жұмысқа кіреді. Бір жылдан кейін, 1973 жылы әскер қатарына алынады. Үш жыл Мурманск облысына қарасты Полярное қаласындағы теңіз флотында су асты кемесінде қызмет етеді. Кеңес Армиясы қатарында өзінің алғырлығымен, алымды-лығымен көзге түскен жас сарбаз ракеталық әскердің бөлімше командиріне дейін жоғарылайды.

Әскерден келгесін, 1976 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасында №1 цех бастығының орынбасары болып істейтін ағасы Темір: «Сен басқа мамандықты қой да, мұнайшы бол», - деп, Жетібай кен орнына мұнай өндіруші оператор қылып жұмысқа кіргізеді. Осыдан бастап оның отыз жылдан астам уақытқа созылған мұнайшылық өмірі басталады. Сол жерде комсомол қатарына өтіп, Коммунистік партия мүшелігіне кандидат болып қабылданады. 1979 жылға дейін 3 жыл бойы марқұм Құлтасов Сәбит деген кісінің қарамағында жұмыс істеп, мұнай өндірудің қыр-сырын меңгереді. Арасында сол кездегі Гурьев мұнай және газ кен орындарын бұрғылау техникумында оқып, оны 1978 жылы бітіреді.

1979 жылы партияның жұмсауымен жаңадан ашылып жатқан Қаламқас кен орнына жұмысқа ауысады. Біз қанша жерден сөз асылын төгіп, сырлап-бояғанмен, бәрібір сол кездің суретін көзі тірі куәгерден артық бере алмаспыз. Сондықтан сөзді Кенжекеңнің өзіне берелік.

«Ол кезде мен 24 жастамын, - деп бастады әңгімесін Кенжекең. - Коммунистік партияның мүшелігіне кандидат едім. 1979 жылы тамыз айында аудандық партия комитетінің хатшысы шақырып: «Осылай да-осылай, Қаламқаста кен орны ашылды. Сол жаққа жас комсомолдарды жіберіп жатырмыз. Соған барасың ба?» - деп сұрады. Ол кезде партия айтқан, партия жұмсаған жерге баруың керек, міндеттісің. Ешқандай қарсылық білдіруге хақың жоқ. Сонымен сол жылдың қыркүйек айында мен Қаламқас кен орнына 5-дәрежелі мұнай өндіру операторы болып жұмысқа алындым. Тікелей бастығым – бригада шебері Көшербай Әлібаев та, кәсіпшіліктің бастығы Ханым Құсаев, ал басқарма басшысы Бекболат Ізтұрғанов еді. Бізді жұмысқа қабылдаған – сол кісілер. К.Әлібаевтың бригадасында Орынбасар Шадияров, Юрий Брежнев (олардың бәрі марқұм болып кетті), Шавкат Айгистов, Әбілғазы Мұстопин, Жұмамұрат Меңдіханов (ол кісілер – қазір зейнеткер), т.б. жігіттер бар екен. Біз жұмысты бастаған кезде №66-ұңғыдан мұнай атып, соны іске қосып жатыр екен. Ол ұңғы қазіргі мұнай айдайтын жерден 13 шақырым қашықтықта болатын. Соған құбыр тартуымыз керек болды. Ол уақытта құбыр да, басқа материалдар да тапшы, техника да шамалы. Сондықтан барлығын да қолмен жасауға тура келді. Уақытша топтық қондырғыны Көшекең марқұмның басшылығымен Әбілғазы, Жұмамұрат бәріміз қолдан, ағаштан жасадық. Көшекең – сол кезде қырыққа келіп қалған жігіт ағасы. 1941 жылғы ғой. Біз ол кісіні аға ретінде де, басшы ретінде де айтқанын қалт еткізбей орындап, қатты сыйладық. Цех бастығының орынбасары Николай Тимофеевич Цаплев деген жасы үлкен кісі болды. Ол кісі де қазір марқұм болып кеткен шығар. Кадр бөлімінің бастығы болған Шам Тұрабаева қазір бар, зейнеткерлікте болуы керек. Артынан Шаттық деген келіншегімен бірге институт бітіріп келген Секербай Байманов, Жалғас Иманбаев, Қосай Жұбаниязов, т.б. келіп, қатарымызды толықтырды. Олар еңбек жолын әуелі оператор болып бастады да, кейін топтық қондырғылар, бригадалар ашылғасын, бригада шебері болып, сатылап өсіп кетті. Біздер ең әуелі 9-топтық қондырғыны жібердік. Одан басқа да уақытша топтық қондырғылар болды. 1-топтық қондырғыдағы №65-ші, №66-шы – екі ұңғыдан май алып жүрдік. Ол уақытта насос та жоқ, тоқты да жаңа беріп жатты. «АЗИЛМАШ-35» деген тракторға насосты қондырамыз. 50 текшеметрлік қазандық бар, соны толтырамыз. Сол қазандыққа жүздік құбырды жалғап, сонау жердегі мұнай дайындайтын жерге жіберіп отырдық. 2-уақытша топтық қондырғыда №51 мен №76-ұңғылар, 3-уақытша топтық қондырғыда №18-ұңғы болды. Бәріміз сол ұңғылардың басында бөлініп-бөлініп жұмыс істедік. Артынан ең бірінші болып 9-топтық қондырғы, одан кейін жігіттер көбейіп, мамандар келе бастаған соң 10-шы, 38-топтық қондырғылар ашылды.

Тарихтан белгілі, алғашқы мұнай әлдеқашан, біздің алдымызда атып кеткен ғой. Біз сол мұнай атқан ұңғыны іске қостық. 1979 жылдың тамыз айында құбырларды салып бастаған екен, мен қыркүйекте келдім. Сол айдан тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жұмыстары басталды. Алдымен №66-ұңғы, содан кейін №51 мен №76-ұңғылар іске қосылды. Сол 9-топтық қондырғыдан алғашқы 10 мың тонна мұнайды да алдық. Кейін миллионыншы тонна мұнай өндірілгенде Көшербай Әлібевтың бригадасы – сол бұрынғы құрам түгелдей құрметті вахтаға тұрдық. Орынбасар бар, Әбілғазы бар, мен бар – бәріміз, Аманжолова Гүлнәр деген қыз да болды ішімізде. Бұл 1980 жылдың 2 қарашасы болатын.

Бригадада біз 15 шақты адам болдық. Ол кезде кен орнына салынған, қазіргідей сайрап жатқан жол жоқ. Бәрімізді әр аптаның сейсенбі күні «АН-2» ұшағымен кен орнына апарып тастайды. Ұшаққа барлығы 12 адам сыямыз. Вахта 7 күндік, апта сайын ауысамыз. Артынан жол салынғаннан кейін автобуспен қатынайтын болдық.

Ол кезде бізде жататын жер де жоқ еді. Құбырларға жер асты жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекеменің жігіттері бар – бәріміз араласып, вагондарда жатып жүрдік. Ағаштан алғашқы жатақханалар салынып, бәрі де жаңадан басталып жатыр, дайын тұрған ештеңе жоқ. Маңайда тұщы су көзі жоқ, суды машинамен («водовозбен») Ақтаудан тасиды. «Водовозбен» әкеліп, арнайы үлкен темір ыдыстарға («емкость») құйып қояды. Сол жерден алып, жуынамыз, тамақ дайындауға пайдаланамыз. Тізеден жоғары балшық кешіп жүреміз. Уақытша топтық қондырғының басына «Газ-66», «Захар» деп аталатын «Зил-157» сияқты жол бастаушы («ведущий») машиналармен таңертең апарып тастайды. Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін сол жерде жұмыс істейміз. Кешкі 8-де түнгі ауысымның адамдары келіп, бізді ауыстырады. Соған дейін сол жерде өзіміз тамағымызды пісіріп ішіп, жұмыс жасаймыз. Ол кезде қазіргідей жеке асханамыз да жоқ. Анадай жерде бұрғышылардың асханасы бар, арасында сол жерден тамақ ішеміз. Бірақ көбінесе сол өзіміздің жұмыс орнымызда – уақытша топтық қондырғының басында «буржуйка» пешімізді соляркамен оталдырып, соған ас пісіріп, қалбырдағы етті қосып тамақтанамыз. Ол кезде басқа да қиыншылықтар көп болды. Қазіргідей тастан салынған жатақханалар болған жоқ. Берірек келе бір-біріне қосқан чехословактық вагондарды апарып орнатты. Оның іші суық, қыста жел ұлып тұрады. Ал жаздыгүні жанып кетеді. Салқындатқыш дегендер, сірә, атымен жоқ. Сөйтіп өмір сүрдік...

Біз барғаннан кейін келесі жылы Бекмұхан Тоқбаев деген жігіт келді. Сол жылдары келген Айжанов Мырзаш, Есенқос, Батырбек деген жігіттер әлі де сол жерде оператор болып жұмыс істеп жатқан болуы керек. Қазір 60-қа келіп қалған шығар, ол кезде олардың бәрі де – кейбірі жаңа үйленген жас жігіттер. Қазіргі «ММГ»АҚ-ның басшысы Бақыт Иманбаев та, «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасының бастығы Нұрпейіс Сәрсенбаев та – кезінде осы Қаламқаста еңбек жолын бастаған жігіттер».

Адамның адам ретінде азаматтығы мен адалдығы, маман ретінде білімі мен білігі сынға түскен сол бір қиын-қыстау кезеңдерде өндірісте болған талай есте қаларлық ерекше оқиғаларды, өздеріне өмір бойы ұмытылмастай сабақ болған жағдайларды Кенжекең былай деп еске алады:

«Мұнай саласында 35 жылға жуық еңбек еткенімде анау айтқандай қорқынышты ештеңе болған жоқ. Бірақ небір қызықты оқиғалар болды. Жұмыс болғасын жерде ірілі-ұсақты апаттар болады ғой. 1987 жылы сондай бір үлкен апат болды. Ол кезде біз – жас жігітпіз. Бір жолы құбырдың тиегі («задвижкасы») сынып кетіп, 15 метр жерге дейін мұнай мен газ атқылады. Соны жабу керек болды. Әуелі бір күндей қалай жабу керектігін қарастырып, ақылдастық. Бастықтарымыз Ханекең, Көшекеңдер бар – бәріміз болып ақылдасып, құрал-саймандарын жасап, ақыры бірдеңе қылып, әлгі атқылаған мұнайды тоқтаттық. Ертесіне манағы газдың шуылынан бітеліп қалған құлағымыз дым естімейді. Өзім естімегесін, жұртқа да қатты айқайлап сөйлеген болуым керек, Көшекең маған: «Ей, сен неге маған бастығым құсап айқайлай бересің?» - дейді. «Айқайлап жатқан жоқпын, Көшеке, ана кісінің айтқанын естімей жатырмын», - деп қоямын. Былайынша, өзім айқайламаған, жәй сөйлеген сияқтымын. Бірақ жаңағы шуылдан құлағым бітіп қалғандықтан бастығыма да солай қаттырақ сөйлесем керек. Содан күлеміз келіп бәріміз. Оны емдей қоятын жөнді дәрігер де жоқ ол жерде. «Ештеңе етпейді, артынан бірте-бірте кетеді, құлағың ашылады», - деп қояды үлкендер жағы. Кейін дәрігер келіп, құлағымызға бірдеңе тамызып, емдеп жазды ғой. Сол оқиға есімнен кетпейді.

Күнде етігіңмен тізеден балшық кешіп жүресің. Жөнді техника да жоқ. Құбырларды салу, орнату – бәрі де қолмен жасалады. Жұмыстан шаршап өлейін деп келесің де, жата қаласың. Бірақ жастықтың күші ғой, бір ұйықтап, тыңайып тұрғаннан кейін бәрін ұмытып кетесің. Кешке жақын ішіміздегі тәп-тәуір даусы бар әнші жігіттер домбырамен, гитарамен өлең айтып, көңілімізді көтереді.

Жаңағы айтқан чехтық вагонда төрт-төрттен екі қатар болып, сегіз адам жатамыз. Жаздыгүнгі шілдеде салқындатқыш та, ештеңе де жоқ, түнде вагонның іші жанып кеткенде ақжайманы («простыняны») сулап аламыз да, вагонның төбесіне шығып, үстіне жатамыз.

Мана сөз басында өзіміз қолдан топтық қондырғы салғанымызды айттым ғой. №76-ұңғы теңізге жақын болатын. Бір күні тракторшы жігіт екеуміз ұйықтап жатыр едік, түнде қатты жел тұрып кетті. Содан айқай жел теңіздің суын бізге дейін алып келген ғой. Таңертең тұрсақ, судың деңгейі біздің жататын жеріміз – тапшанға дейін жетіп қалыпты. Бәтеңкелеріміз судың бетінде қалқып жүр. Содан, әйда, бәрін басқа жерге көшіріп, жататын жерімізді қайтадан салып, әлекке қалғанымыз бар. Қазір қызық көріп күлеміз ғой, сондай-сондай күндер өтті басымыздан.

Бір күні марқұм Орынбасар вахтада тұрған кезде №66-ұңғының құбыры тесіліп кетіп, апат болғаны бар. Мен кезекші оператор едім. Әр топтық қондырғыны кезек-кезек машинамен қарап, аралап жүр едім. Бірдеңе болып қалса, бірден көмектесу, егер әліміз келмесе, басқаларға хабар беру – міндетіміз. Содан Орекеңе келсем, ол: «Ана 66-ұңғының басында бірдеңенің қатты ысқырған дыбысы шығып жатыр, жалғыз өзім баруға қорқып тұрмын», - деді. «Жүр, екеуміз бірге барайық», - дедік те, солай қарай бет алдық. Ұңғыға жақындай бергенде бетімізге бірдеңе шашырағандай болды. Түннің ішінде қазіргідей самсап жанып тұрған электр жарығы да жоқ, көзге түртсе көргісіз қараңғыда ештеңе көрінбейді. Бірақ ысқырынған, ышқынған қатты дыбыс шығады. Жарық жерге қайтып келіп қарасақ, бет-аузымыз түгел май. «Мә-ә, мына құбыр тесіліп кеткен болды ғой», - деп, ұңғыны жауып тастадық. Таңертең қарасақ, тесілген құбырдан мұнай атып, біраз жерге дейін бүлдіріп, былғап тастапты. Содан құбырды бітеп, жөндеп, мұнай төгіліп, бүлінген жерді тазалап, бәрін орын-орнына қойдық. Сондай-сондай хикаялар болды ғой», - деп ескі күндердің елесін жадында жаңғыртты ардагер.

Кенжекең Қаламқаста алғашқы бастығы болған Көшербай Әлібаевты және өзімен қатар жүріп, қанаттас еңбек еткен аға-іні әріптестерін үлкен ілтипатпен еске алып, олардың жанқиярлық еңбектерін жоғары бағалайды.

«Көшекең марқұм қызметіне қатты берілген, жұмыскер адам еді, жұмысын өте тиянақты істейтін. Азаматтығы да мол, ағалық қамқорлығы күшті, өте жақсы кісі болды. Тәртіпті жақсы көретін. Білгенін айтудан ешқашан жалықпайтын. Топтық қондыр-ғылардың қыр-сырын бізге егжей-тегжейлі үйретті. Біздер оның алдында Жетібайдан біраз нәрсені үйреніп келдік қой. Ал бізден кейін келген жігіттердің бәрін сол кісі оператор-лықтың қыр-сырына баулыды. Басқа да әріптестерімнің ішінен артынан еңбегімен көзге түсіп, мұнай өндіру шебері болған, кейін жер асты жөндеу жұмысына ауысқан Жұмамұрат Меңдіхановты, бұл жұмысқа Көшекеңмен бірге келген Орынбасар Шадияровты, Юра Брежневті, Әбілғазы Мұстопинді, т.б. айтар едім. Ондай іскер, еңбекқор жігіттер көп болды», - дейді ол.

Ал өзіне қатты үлгі тұтып, ұстаз санаған кісілер туралы ол былай дейді: «Комсомольскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасының бірінші бастығы Ізтұрған Бекболатов марқұм басшы ретінде де, адам ретінде де үлгі аларлықтай, ұстаз тұтарлықтай, сөзінде тұратын, жақсы кісі еді. Сосын басшылардың ішінде Дмитрий Александрович Горюнов, Ләззат Кетебайұлы Қиыновтарды айтуға болады. Көшекең, сірә, өзімнің тікелей бастығым ғой. Ол кісіден мен көп нәрсені үйрендім. Жетібайда жүргенімде «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі» атағының иегері, есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылған, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Хайролла Ихсанғалиев жақсы ұстазым болды. Ал ең басында еңбекке баулыған Құлтасов Сәбиттің орны ерекше».

Кенжеғали Назаралиев бұрынғы «Комсомольскнефть», қазіргі «Қаламқас-мұнайгаз» өндіру басқармасында 1979 жылдан 2009 жылға дейін 30 жыл еңбек етті. Әуелі мұнай-газ өндіру операторы, сосын 1985 жылы бригада шебері, 1987 жылы №1 цех бастығының орынбасары болды. Қаламқаста істеп жүргенінде, 1981 жылы оқуға түсті де, артынан сырттай бөлімге ауысты. 1987 жылы Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын мұнай және газ кен орындарын игеру инженері мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді. 1989 жылы облыста Қоршаған ортаны қорғау басқармасы құрылған кезде әр мекемеде сондай бөлім ашылуы тиіс болды. Сол кездегі «Комсомольскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Л.К.Қиыновтың тапсырмасымен экология бөлімінің бастығы қызметіне бекітілді. Бір жылдан кейін бастығы Өрен Сағындықов қабат қысымын ұстау цехының бастығы, 1992 жылы №1 цехтың бастығы етіп тағайындады. 1996 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасының Өмірзақ кентінде орналасқан басқармасына қоршаған ортаны және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы болып келді. 1998 жылы «ММГ» АҚ-ның қожайыны өзгеріп, «Централ Азия Петролеум» компаниясына сатылған кезде қайтадан Қаламқас кен орнына қоршаған ортаны және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы болып барды. 2006 жылы марқұм Мақаш Оржанұлы Бегеевтің шақыруымен «ММГ» АҚ-ның басқармасына қоршаған ортаны қорғау бөліміне ауысты. 2009 жылы мұнай қалдықтарын өңдеумен айналысатын ЖШС ашып жатқан оралдық жігіттер бас директорлыққа шақырып, «Маңғыстаумұнайгаздан» біржолата кетті. Артынан 2010 жылы өзі де жеке серіктестік ашты. Былтырдан бері зейнеткер. Бірақ әлі де болса, әріптес жігіттерімен бірге сол салада жұмыс істеп жүр.

Кенжекеңнің балаларының барлығы да – мұнайшы. Үлкені Салауат – мұнай саласында ғылыми зерттеу, жобалау ісімен айналысатын жеке серіктестік басшысы. Екінші ұлы Мақсат – облыстық еңбекті қорғау департаменті бастығының орынбасары. Ал қызы Гүлжан осы «ММГ» АҚ-ның еңбекті қорғау бөлімінде жұмыс істейді. Зайыбы Валентина Меңдіғазиева да мұнай саласында – «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасының компьютерлік бөлімінде ЭВМ операторы болып жұмыс жасады, қазір зейнеткер.

Жастайынан жалындап көзге түскен Кенжекең белсенді комсомол, білімді маман ретінде бірқатар наградаларды сол жас кезінде-ақ алып үлгерді. 1981 жылы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болды. Бұл сыйлықты табыс еткенде оны Алматыға облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы Е.Торбин ертіп барды. Лауреаттық атақты Қазақстан комсомолының 1-хатшысы Серік Әбдірахмановтың қолынан алды. 1980 жылы «Үздік еңбегі үшін» медалімен, 1982 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Сол жылы маусым айында Мәскеуге Бүкілодақтық Лениншіл Жастар Одағының ХІХ съезіне делегат болып қатысты. 1985 жылы сол кездегі Одақтың Мұнай және газ министрі Н.А.Мальцевтің қолынан «КСРО-ның еңбегі сіңген мұнайшысы» атағына ие болды. Ол салтанатты жиынға қазақстандық делегацияны республика Компартиясының 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың өзі бастап барған болатын. Бұған қоса бірнеше рет қатарынан алған «Социалистік жарыстың жеңімпазы» деген төсбелгілері – өз алдына бір төбе. Кеңестік кезеңде осындай даңққа бөленген білікті маманның ерен еңбегі беріде – Тәуелсіз Қазақстанның кезінде де елеусіз қалған жоқ. «Қазақ мұнайына – 110 жыл!», «Ақтау қаласына – 50 жыл!», т.б. төсбелгілермен марапатталды. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, «Централ Азия Петролеум» компаниясының бас директоры Р.Т.Сәрсеновтің, «ММГ» АҚ-ның бас директоры С.Қырымқұловтың қолынан алған «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» жетерлік.

Осындай үлкен абырой иесі Кенжекең – қазір ақсақалдық жасқа аяқ басқан, сегіз немере сүйіп отырған ардагер. Жас күнінен бері қалыптасқан дағдысы – қызметтен бос уақытында көбінесе спортпен айналысатын. Футболды, волейболды қатты жақсы көрді. Арасында боксқа да барып жүрді. Қазір жасы ұлғайғанына байланысты бәрі де жайлап-жайлап қалып келе жатыр. Жалпы, қолы қалт ете қалса, дене шынықтырумен шұғыл-данғанды ұнатады. Балалары да өзі сияқты спортпен айналысады. Салауаты – дзюдошы палуан да, Мақсаты бокспен шұғылданады.

«Өткен өміріме көз жіберіп отырғанда ондай қатты опынатындай өкінішті жағдайым жоқ. Алып бара жатқан арманым да жоқ. Құдайға шүкір, ел қатарлы еңбек еттік. Еткен еңбегіміз еленді де. Енді тек жас ұрпаққа айтарым: әрбір адам өзінің туған еліне, Отанына беріліп жұмыс жасауы керек. Қазір енді бәрі жекенің қолына беріліп кеткенмен де, оған барлық мүмкіншілік бар. Әрбір азамат Қазақстанды көркейтуге жұмыстануы керек. Жеке адамға емес, «Халыққа болсын» деп жасау керек. Құт қара басын ғана емес, елді де ойлауы керек. Жасыратыны жоқ, мен өз басым елдегі өндірістің барлығы жаппай шетелдіктерге берілгенін онша жақтырмаймын. «Неге?» десеңіз, сол мұнайды игеретін өзіміздің Қазақстанның мұнайшылары да бар, жақсы-жақсы мамандар да жетерлік. Сондықтан жастар болашақта елдің тұтқасы болу үшін еңбек етсе деймін», - деп сөзін түйіндеді ардагер.

Біздің де бұл ойға алып-қосарымыз жоқ. Қаламқас кен орнының алғашқы мұнайын алуға қатысқан ардагер ағалар ертеңгі күні ел тізгінін қайдағы бір қаңғып келген «шүре-гейлер» емес, өзіміздің қаракөздеріміз ұстағанын қалайды. Алла сол тілекке жеткізсін!

 

Рахат ҚОСБАРМАҚ,

журналист


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту