Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
12.06.2019 ҰЙЫМДАСҚАН ҰТАДЫ

  

Кәсіптік одақ қызметі - әрбір қызметкерге жұмыс беруші тарапынан үлестіріліп отырған игіліктердің себепшісі. Осы орайда, тақырыптың өзектілігі мен жаңа ұжымдық шарт жасасу мерзімінің жақындағанын ескере отырып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Тарғын Нұралыұлы Мысамбаевты әңгімеге тарттық.

 

-   Қайырлы күн, Тарғын Нұралыұлы! Кәсіподақ қызметіне тереңінен бойламас бұрын, «кәсіподақ деген не?» деген басты сұраққа қысқаша анықтама беріп кетсек.

-   Қайырлы күн, Ғани! Кәсіподақ сөзінің анықтамасы әр жерде әртүрлі беріледі. Дегенмен, нақтысы ҚР Кәсiптiк одақтар туралы заңында көрсетілген. Ол жерде кәсiптiк одақтар (кәсіподақтар) – өндірістік-салалық қағидат бойынша өздерiнiң кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшін азаматтар ерiктi түрде құратын дербес, тiркелген жеке мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiктер деген анықтама беріледі. Жалпақ тілмен айтқанда, ниет білдірген қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті мүшелік ұйым; азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыс берушімен арада туындайтын сан түрлі мәселелерде жұмысшы мүддесінің қорғалуын қамтамасыз етуші өкіл. Қысқа қайырғанда міне осылай!

-   Яғни, Кәсіподақтар жұмыс берушінің емес, жұмысшының мүддесін көздеп, жұмысшы үшін неғұрлым тиімді еңбек шарттарын ұйымдастырумен айналысатын екі тараптың арасындағы делдал болды ғой...

-   Иә, солай деуге де болады, тек делдал емес, өкіл десек дәлірек болар. Өйткені, кәсіподаққа мүше болған әрбір азамат Кәсіподақ ұйымына жұмыс беруші алдындағы өкілеттілігін сеніп тапсырады. Содан кейін ғана біз жұмыс беруші алдына жұмысшы атынан қандай да бір талаптар қою құқығына ие боламыз. Ал бұл қызметтің нәтижесінде қол жеткен әрбір игілік ұжымдық шартта рәсімделіп, оның орындалуы екі тарапқа да Қазақстан Республикасы заңнамаларымен міндеттеледі.

-   Түсінікті. Ұжымдық шарт дедіңіз, осы ұжымдық шарт пен жалпыға аян еңбек шартының қандай айырмашылығы бар? Екі шарт жасамай, сіз баяндаған мәселелердің бәрін сол еңбек шарты шеңберінде келіссе болмайды ма?

-   Осы жерде бір мәселені жіті түсініп алулары керек. Жұмыс берушінің жұмысшы алдындағы міндеттері Еңбек кодексінде және тағы сол сияқты басқа заңнамалық құжаттарда айқын белгіленіп, минималды көрсеткіштер ғана бекітілген. Еңбек шартында, аты айтып тұрғандай, сол Кодекс негізінде туындайтын минималды міндеттер мен құқықтар, яғни жұмысшының жұмыс уақытын бекіту, айлық жалақысы, заңнамамен қарастырылған төлемдердің шарттары секілді т.б. мәселелер ғана баяндалады. Бұл жалпыға ортақ, міндетті құжат. Ал ұжымдық шарт, тек кәсіподақ мүшесі ретінде ерікті түрде тіркелген қызметкерлер атынан олардың өкілі ретінде әрекет ететін кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші арасында жасалатын шарт. Ол жерде сол минималды талаптарды жұмысшылар үшін мейлінше тиімді көрсеткішке дейін өсіріп, кейде тіпті заңнамаларда бекітілмеген мәселелерді де жұмысшы мүддесіне орайластырып, шешімін тауып отырады.

-   Рақмет! Өте қарапайым, түсінікті жауап бердіңіз. Демек, бүгінгі күні Компания қызметкерлерінің ұжымдық шарт негізінде алып жүрген жеңілдіктері мен қосымша төлемдері, мәселен жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезінде Компания тарапынан төленетін денсаулық жағдайын жақсартуға арналған жәрдемақы Кәсіподақ қызметінің жемісі, солай ма?

-   Иа, дәл солай және тек бұл емес қой, жалпы ұжымдық шартта жұмысшы пайдасына қарастырылған әрбір игілік Кәсіподақ қызметінің бір жеңісі, олардың әрбірінің артында ондаған сағат келіссөздер мен кәсіподақ аппаратының маңдай тері, табанды еңбегі жатыр десем артық айтқаным болмас. Олардың ешбірі жұмыс берушінің тікелей міндетіне кірмейді.

Осы жерде тағыда бір мәселені нақтылай кеткенді жөн көріп отырмын. Кәсіподақ, заңда көрсетілгендей, мүшелік ұйым. Яғни, кәсіподақ ұйымы жетістіктерінің игілігін көру үшін сіз міндетті түрде оған мүше болып тіркеліп, жалақыңыздан 1 пайыз көлемінде мүшелік жарна төлеп отыруыңыз керек. Ол қаражат та кәсіподақ жарғысына сай кәсіподақ мүшелерінің мүддесіне жұмсалады. Енді мынаны қараңыз, бүгінгі таңда Компанияда төрт мыңнан астам қызметкер бар, оның үш мыңнан астамы жарнасын уақытылы төлеп отырған кәсіподақ мүшесі болса, сегізжүзге жуығы кәсіподақ мүшелігінде жоқ адамдар. Дегенмен, кәсіподақ қызметінің тікелей жемісі болып табылатын ұжымдық шарт қызығын сол мүшелікте жоқ қызметкердің бәрі еш тартынбастан, қысылмастан көріп келеді. Бұны кәсіподақ тарапынан, Компания басшылығы тарапынан жасалған кеңпейілділік деп қабылдасын дейміз. Алайда, судың да сұрауы бар дейді. Ендігі ұжымдық келісімшарт жасалған кезде кәсіподақта мүшелігі жоқ қызметкерлер оның жемісін жеуден аластатылуы мүмкін. Өйткені мұндай қатынас, ең азы, жарна төлеп отырған кәсіподақ мүшелеріне деген әділетсіздік, қиянат. Сондықтан кәсіподаққа мүшелікке тіркелмеген әріптестерімізді осы бастан қатарымызға қосылуға шақырамыз.

-   Тамаша, кәсіподақ қызметінің көкжиегі жаңа айқындалып келе жатқандай... Енді ұжымдық шарт шеңберінде жасалатын әлеуметтік қолдаулар туралы сөз тарқатсақ...

-   Ұжымдық шарт шеңберінде Кәсіподақ ұйымы еңбек ақы төлеу мәселесінен бастап, гендерлік саясат, кәсіби даярлық сынды бірнеше бағыттар бойынша әрекет етеді. Солардың ішіндегі ең маңыздылары, менің ойымша, ол қызметкерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер, өтемақылар мен  жеңілдіктер және қауіпсіздік, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау қағидалары.

Адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ! Сондықтан біз қауіпсіздік талаптарының сақталғанын екі тараптан да қатаң талап етеміз. Жұмыс берушіге бұл мақсатта арнайы қаражат қарастырып, қауіпсіздік талаптарының жоғары стандарттарын енгізуді жүктесек, қызметкерді сол талаптарға сай болып, біліктілік арттыру курстары мен жаттығуларынан өтіп, тиімді еңбек етуге үгіттейміз. Мәселен, соңғы төрт жылдан бері мұнайгаз кәсіпшіліктері арасында қауіпсіздік талаптарын орындау бойынша сайыстар өткізіп, үздік көрсеткішке қол жеткізгендерін сыйлықтарымен марапаттап келеміз. Қызметкерлерге қызметтік міндеттерін атқару үшін берілетін жұмыс киімдерінің сапасы мен уақытылы ауыстырылып тұруын қадағалаймыз. Кенорында зиянды не қауіпті жағдайда қызмет ететін әріптестерімізге қаржылай үстемақы ұйымдастырдық. Осының бәрі өз кезегінде жұмысшы еңбегін қауіпсіз ете түсуге үлесін қосып келеді деп сенемін.

Ал әлеуметтік кепілдіктер туралы айтар болсақ, ол негізі өз алдына бір тақырып. Жалпы, ұжымдық шарттың осылай аталатын 9-тарауы жұмысшының жанұялық өмірінде бастан кешуі мүмкін сан түрлі оқиғаларды қамтиды – отау құрып, дүниеге бала келуінен бастап, баланың  балабақшаға, мектепке баруы, жазғы демалысын ұйымдастыру, жоғарғы оқу орнының ақысын төлеу, көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасау, қызметкердің өзінің денсаулық күтімі, мерекелік сыйақылар, тағысын тағы, қаражатқа шаққанда, ең аз дегенде 250-300 АЕК көлеміндегі төлем қарастырылған. Құдай бетін аулақ қылсын, қайғылы не жазатайым жағдайларда көрсетілетін көмек өз алдына.

Осындай қолдау ұжымдық шарттан бөлек кәсіподақ ұйымының жарғысы негізінде оның мүшелерінен жиналған жарна есебінен де көрсетіледі. Мысалға, 2018 жылдың қортындысы бойынша кәсіподақ бюджетінің «Қайырымдылық көмек» бабы бойынша 1771 адамға 59 млн. теңге қаражат жұмсалды. Жалпы, кәсіподақ ұйымы қай кезде де өз мүшелерінің мүддесін қорғауға, тіпті ұжымдық шартта да, жарғыда да қарастырылмаған көмек түрлерін де ұйымдастыруға дайын. Біздің сұрарымыз тек мүшелеріміздің белсенділігі. Олар да өз құқықтарын жетік біліп, орынды пайдаланса, кәсіподақ қызметіне етене араласып, шамасы жеткен жеріне дейін қолғабыс етсе, ұйымдаса білсек, әлі де ұтарымыз көп деп сендіргім келеді.

-   Бәрекелді, рақмет! Біраз мәселенің басын ашып, өзекті тақырыптар төңірегінде дүкен құрдық. Енді бір мәселе, биыл желтоқсан айында келесі үш жылдықтың ұжымдық шарты жасалады. Одан қандай өзгерістер күтуге болады?

-   Иа, дұрыс айтасыз. 2016-2019 жылдарға арналған шартымыздың мерзімі шегіне жетіп келеді. Енді оңды өзгерістер болады деп кесіп айта аламын. Өйткені күні бүгін қызметкерлерден жиналған ұсыныстар бойынша жұмыс берушімен бірқатар келіссөздер жүріп жатыр. Дегенмен, арық сөйлеп семіз шық демей ме?! Қандай өзгерістер екенін уақыты келгенде жариялай жатармыз. Әзірше құпия қала тұрсын. Осы орайда барлық әріптестерімізді келесі ұжымдық шартта көргісі келетін мәселелер бойынша ұсыныстар беруге шақырамын. Шарт ұжымдық болған соң, оның жасақталуына да ұжым болып қатысқанымыз абзал, сонда тонымыз келте болмайды!

-   Рахмет, Тарғын Нұралыұлы! Оқырман көкейіндегі сұрақтарға жауап бере алдық деп үміттенемін. Жақсы күндерде жолыққанша!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту