Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
08.09.2020 АМАНБЕК АЛҒАН АСУ
  

Қаратауды бетке алып жүрсең ақбас бор таулардың баурайында еркелей жатқан сұлу жер бар. Жыңғылды деген. Жыңғылды - дүлдүл мен бұлбұлдың ізі қалған қасиетті мекен. Арғыда Күй иесі - Есір, Арал, Шамығұл, бергіде жыр нөсер Ізбасар Шыртанов, ән-құдірет Күріш Тасболат болып келіп, Маңғыстау өнерінің сауырлы бөлігі осы топырақта ғұмыр кешкен. Академик Ахмет Жұбановтың өзі «Өнер мен үлгі-өнеге жағынан Қазақстанды кең жазира десек, Маңғыстау – оның оазисі, ал Жыңғылды – соның нақ ортасындағы гүл бағы дерсің» деп бағалаған бұл жердің төскейден малы, төрінен әні үзіліп көрген жоқ. Бұл ауылдың перзенттері Қаратауға, оның биік шоқысы әйгілі Отпан тауға тартып туады дегенді арғы-бергі үлкендерден көп естідік.

"Қаламқасмұнайгаз" ӨБ, 4-разрядты қабат қысымын ұстап тұру жөніндегі операторы Аманбек Өмірбекұлы Төлеубеков туралы газетке мақала жазу барысында онымен танысқанымызда Жыңғылдының тумасымын дегенде осы бір көркем мекеннің ел тарихы, жер тарихы бірден ойға келді.

Аманбек Жыңғылдыда шыр етіп дүние есігін ашқанда әжесі етегіне салып алып, бауырына басқан екен. Ата мен әже тәрбиесінде мейірім мен «айналайынға» кенде болмай өсті. Олар көпті көрген көнекөз, өмірдің талай қақпақылынан аман өткен, заманының қиындығы мен қызығын қатар кешкен тәжірибесі мол адамдар еді. Алған тәлім-тәрбиесі адастырмайтын «Темірқазық» іспетті әлі күнге жетелеп келеді.

Ауылдан Есір Айшуақұлы атындағы орта мектепті үздік бітіріп шыққан жас түлек Ақтау қаласындағы Политехникалық колледжден бір шықты. Мұнайшы мамандығын таңдауына себеп болған әкесі - Өмірбек Төлеубеков. Қабат қысымын ұстау цехында шебер болып жұмыс жасайтын әке адал еңбегімен ортасына қадірі асқан азамат.

Аманбек те әке жолын қуып, сол соқпақпен келеді. 2007 жылы мұнай-газ кен орындарын пайдалану мамандығы бойынша осы оқу орнын абыроймен аяқтап, 40 жылдан аса тарихы бар Қаламқастағы қабат қысымын ұстау цехына 3-дәрежелі оператор болып жұмысқа орналасты. Содан бері осы күнге дейін сол жерде табан аудармай қызмет етіп келеді.

-«Әкем ұйқыны, еріншектікті жек көретін.  Еріншектікке бой алдырмау үшін өзіңе мақсат қою керек, бүгін бітетін істі, ертеңге қалдырма дейтін. Бізді сол қағидамен тәрбиеледі. Сол принципті осы күнге дейін ұстанып келемін. Ал, анам – Төлеубекова Қатира үйде бала тәрбиесімен айналысып, біздің жағдайымызды жасаудан жалыққан емес. Өзімнен кейін бір інім, бір қарындасым бар. Соларға басшы болып, жол нұсқап, үлгі болуға тырысамын» - дейді кейіпкеріміз. Жұмысым жайлы айтатын болсақ, блокты бұталы сорғы станциясындағы (БКНС-5) бригадаға тап болуым – еңбекте жолымның болғаны деп есептеймін. Өте жақсы ынтымағы жарасқан ұжымға келдім.

Аманбек ең алғаш жұмысқа алған ұстазы Саяхат Жанбуршинның ерінбей-жалықпай жұмыстың принципін, қыр-сырын үйреткенін, қабат қысымын ұстау цехындағы жұмыстың мәнін түсіндіргенін, еңбекке қалай баулығанын зор құрметпен баяндады.

Уақыт өте келе өнім өндірумен қатар материалдық-техникалық жағдайы заманға сай жаңарып-жаңғырған цехта жұмыс жасау неғұрлым жеңілдеді. Кен орнының жаңа тарихының бастауы болған соңғы онжылдық көз алдында.

-Бұл жерден талай бастық, талай шебер ауысты, бірақ қай кезде де мақсатымыз біреу ғана – ол еш ақаусыз жұмысты атқару. Неше жыл өтсе де, өндірістің қалыпты ағыны бар. Қырық жыл бойы өз қарқынынан жаңылған жоқ десе де болады, - дейді ол.

Әдеттегідей, жұмыс таңертең сағат 7.00-де бес минуттық лездемеден басталады, сол жерде нақты сол күні атқаратын тапсырмаларды қабылдап алған соң өндіріс өз ырғағына түседі. Белгіленген аумаққа қажет мөлшерде қысыммен су жіберу арқылы мұнайдың шығуына ықпал ету, осы процесті жіті қадағалап ұстай отырып, белгілі режиммен атқарып шығу – негізгі мақсат. Тәулігіне бірнеше мың тоннадай су айдау арқылы жердің астынан су аралас сұйықтықты шығарып, шайқап, нәтиже-сінде сары майдан қыл суырғандай ғып таза мұнай алынады.

Аманбек Өмірбекұлы үнемі ізденіс үстіндегі маман. 2016 жылдан бері Компаниядағы үздік маман конкурсына қатысып келеді. Сол уақыттан бері жүлдені қолдан берген кезі болған емес. Ол да болса, алған білім мен жылдар бойғы тәжірибемен келген дүние. 2019 жылы үздік маман атанған «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК қарасты әріптес мұнайшылардың басы Альметьевск қаласында (Татарстан Республикасы) додалы бәйгеде тоғысты. Сол жарыста Аманбек жүлделі үшінші орынға ие болды. Үздік маман атану зор мәртебе болғанымен, мұндай атақтың жауапкершілігі де үлкен. Сондықтан жұмыстың бірқалыпты ырғағында кетпей, әрдайым ізденіп, өз ісінің білгірі болуға аянбай кұш-жігерін сарп етіп келеді.

Өмірді өкінбестей өткізудің жолы – еліңді сүйіп, халқыңды құрметтей білу және адал еңбек ету болса, біздің кейіпкеріміз Аманбек Өмірбекұлы сол биіктегі білікті маман, Туған Қаратауындай, оның биік шоқысы әйгілі Отпан таудай еңсесі биік азамат!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту