Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
16.09.2019 «ҮЗДІК МАМАН» КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТТІ
 

Дәстүрлі сайыстың биылғы ерекшелігі сол – отандық мұнайшыларымыз халықаралық жарысқа қатысты. Татарстан Республикасының Альметьевск қаласында ақтық кезеңі өткен «Үздік маман-2019» кәсіби шеберлік сайысынан жүлдемен оралғандардың арасында біздің үштік те бар! Ұлттық компания деңгейінде төртінші рет өткізілген байқаудың мақсаты «Татнефть» компаниясымен өзара ықпалдастықты нығайтып, тәжірибе алмасу болды.

Еңбек адамының абырой-беделін арттырып, жұмысшы кәсіпті дәріптеуге бағытталған байқау төрт күнге созылды. Сайыста «ҚазМұнайГаз» тобына кіретін 26 кәсіпорыннан 182 қатысушы өз шеберліктерін сынға салды. Бұл мамандардың барлығы бұған дейін өз мекемелерінде іріктеуден өткен жеңімпаздар.

Байқаудың қорытынды бөлігінде газ бен мұнайды өндіру операторы, жер қабатындағы қысымды сақтау операторы, технологиялық қондырғының операторы, слесарь-жөндеуші, тауар операторы, компрессорлық қондырғының машинисі, технологиялық қондырғылардың машинисі, токарь, цементтеу қондырғысының машинисі,  химиялық талдау лаборанты, электр-газбен дәнекерлеуші, электр қондырғыларды жөндеу мен қызмет көрсету бойынша электр монтері, ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасы және т.б. 18 номинация бойынша жеңімпаздар іріктелді. «Татнефть» компаниясының сарапшыларынан тұратын қазылар алқасы олардың кәсіби машығы, тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен қауіпсіздік техникасын сақтауын назарға ала отырып анықтады.

Халықаралық байқаудың салтанатты бөлімінде сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаев: «Шараны сапалы өткізу үшін барын салған әріптестермізге шексіз алғысымызды білідіреміз. Байқаудың нәтижесі бойынша корпоративтік рух күшейіп, мамандарымыз өздерінің кәсіби дағдыларын шыңдады», – деді. Қазақ мұнайының 120-жылдығына арналған төсбелгілермен марапатталған Татарстан Президенті Рустам Минниханов пен «Татнефть» ЖАҚ басшысы Наиль Мағанов қазақстандықтардың жоғары кәсібилігі мен дайындық деңгейін атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша үздік үштіктен көрінгендер қатарында біздің мақтаныштарымыз Батырбек Көшбаев, Нұрлан Чимбаев, Аманбек Төлеубеков бар.

Компания мәртебесін асқақтатқан әріптестер жеңісі ежелгі еңбек дәстүріне  адал ұрпақтың  өсіп келе жатқанын дәлелдеді. Өздері таңдаған мамандықтарына мақтанышпен және үлкен жауапкершілікпен қарайтындарын жария етті. Ұжымдық рух бар екенін дәлелдеді.

 

Батырбек Көшбаев

«Қаламқасмұнайгаз» ӨБ ғылыми-зерттеу ұңғымаларының операторы, II орын:

– Мен теориялық бөлімнің барлық сұрақтарына жауап беріп, жоғары нәтиже  көрсеттім. Байқаудың практикалық бөлімі кезінде «СУДОС мини 2» құрылғысымен сұйықтық деңгейін бақыладық. Бұл тапсырманы орындау барысында мен уақыт кестесімен таныстым, барлық операцияларды тәртіпке сәйкес жасадым және сол уақытта айыппұлдардан аулақ болдым. Жөні ерекше осы жеңісім үшін Мейрамбек Оңаев, Нұрлепес Нөкенов ағаларыма алғысымды білдіргім келеді. Сапарымыздың мәдени бөлігі де өте жақсы ұйымдастырылған. Біз Ресейде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күнін кең көлемде тойлаудың куәгерлері болдық. Жергілікті мұражайға барып, қаланың көрнекті орындарын араладық. Осы сәтті пайдаланып, татарыстандық әріптестеріме жылы қабылдағаны үшін, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы басшылығына осындай конкурс пен сапар ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл жетістік біздің ортақ жеңісіміз!

 

Нұрлан Чимбаев

«Жетібаймұнайгаз» ӨБ прокаттағы жабдықтарды пайдалану, жөндеу цехының механикалық бөлімше токарі, III орын:

- Компанияда жұмыс жасап жүргеніме 14-жыл болыпты. Үш рет бұл сайыста бақ сынап, биыл сәтін салып, республикалық байқауға іліктім. Жұмысшы мамандардың арасынан «үздік» атану мен үшін үлкен жетістік болды. Білімім мен тәжірибемді шыңдап, өзге елдегі әріптестермен өндірістегі жаңа технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесі туралы пікір алмастым. Татарстандағы мұнайшылар күнімен және қала күнімен сәйкес келген сайыс жақсы ұйымдастырылған. Біздерді қаланың көрікті жерлеріне қыдыртып, мұнай мұражайына апарды. Алған әсерді ауызша айтып жеткізу мүмкін емес.

Алғаш мұнай шыққкан жерлерді көрдік. Халықаралық дәрежеде шара ұйымдастырған ҚазМұнайГаз басшылығына, қолдау көрсеткен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мен жетібайлық әріптестеріме ризамын. Келесі байқауда бұдан да жақсы жетістікке қол жеткізуге тырысамын.

 

Аманбек Төлеубеков

«Қаламқасмұнайгаз» ӨБ қабат қысымын ұстау цехының операторы, III орын:

- Ең алдымен мен бұл сайыстың өзге елде өтетінін естігенде іштей қанша қуансам да соншалықты қобалжу болды. Ішкі сайысқа қарағанда ҚазМұнайГаз сайысының ауыртпалығы сезілді.  Дайындық та жаман болмады, мезгіл-мезгіл теориялық және практикалық дайындық болып тұрды.

Ол жаққа мұнайшылар күніне тап болдық. Сол мерекені атап өту шарасында түрлі сайыстардың,  жәрмеңкелердің куәсі болдық. Біздің сайыс Альметьевск қаласындағы оқу-жаттығу  полигонында өтті. Жиырма сұрақтан тұратын теориялық тестілеудің 17-сіне дұрыс жауап беріп, 8,5 ұпай жинадым. Шындығы керек, сайыс тартысты өтті. Мықтылар жиналған байқауда, Халықаралық деңгейдегі байқауда үшінші орын алу мен үшін үлкен жетістік. Маған сенім артқан барлық әріптестерге алғысым шексіз!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту